28/03/2024

Дүниежүзілік опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі Алматыда өнер көрсетеді

7-16 сәуірде «Астана Балет» театры Алматыға гастрольдік сапарын өткізеді. Астаналық ұжым түрлі жанрдағы бағдарламасын әзірлеп қойды. Көрермен қауым балет өнері мен симфониялық музыка үндестігінен туындаған атмосфераға бөленіп, ерекше күй кешері анық.

7-сәуірде еліміздің мәдени тыныс-тіршілігіндегі жарқын құбылысқа татитын оқиға орын алады: опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің концерті Алматыға гастрольдік сапар аясында, Almaty Theatre сахнасында өтеді. Арнайы шақырылған маэстро Джузеппе Аквавиа дирижер қызметін атқарса, Дамир Садуақасов солист ретінде өнер көрсетеді. Бұл концерт алматылық көрермен қауымды ерекше күйге бөлейтін театрдың тосын сыйы іспетті.

«Алматыда өзімнің алғашқы үлкен концертімді өткізу мүмкіндігі пайда болғанына өте қуаныштымын. Бұл қаланың өмірімде алар орны ерекше, себебі, шығармашылық жолымдағы алғашқы қадамдарымның, түрлі байқаулар мен концерттерімнің куәсі. Отызға толған шағымда өтуінде де тылсым белгі бар тәрізді. Италиялық дарынды дирижер, бұған дейін әлденеше рет шығармашылық жолда түйіскен – маэстро Джузеппе Аквавиваның басқаруындағы жас әрі жаңашыл «Астана Балет» театры оркестрімен бірге өнер көрсету мүмкіндігі туғанына да ризамын», - дейді Мария Мудряк.

Концерт барысында көрермен қауым Мария Мудряктың орындауындағы опера өнерінің жауһарларын тыңдай алады. Кеш барысында Жорж Бизенің «Кармен» операсынан увертюра, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан полонез, Franz Lehàr – «Dein ist mein ganzes Herz», Augustin Lara «Granada», G.Verdi «La Traviata» - Parigi, o cara, G.Puccini «Gianni Schicchi» - O Mio babbino caro және өзге де туындылар орындалады.

«Мен Верди, Гуно, Пуччини опералары сынды күрделі, мағынасы терең шығармалармен қатар, Неміс Опереттасы мен Испан Сарсуэласы секілді туындылардан құралған бағдарлама әзірледім. Концертке Алматылық әйгілі тенор Дамир Садуақасов қатысады. Біз көптен бері таныс болғанымызбен, бірге жұмыс істемеген едік. Осындай мүмкіндік тудырған Театрға алғысым шексіз. Көрерменмен кездесуімді тағатсыздана тосып жүрсін», - деп түйді ойын Мария.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.