25/04/2019

Юрий Григоровичтің әйгілі «Махаббат туралы аңызын» Нұр-Сұлтанда тамашалауға болады

Қала күнінің қарсаңында «Астана Балет» сахнасында шығыс ертегісі өркен жаяды. Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» атты әйгілі балетіне дайындық театрдың репетиция залында басталып та кетті. Балет атауының өзі классиканың академиялық қозғалыстарынан бөлек, тың дүние болатынын аңғартқандай.

Алғаш, бұл спектакль 1961 жылы Мариин театрында қойылып, төрт жыл өткен соң, Үлкен театр сахнасына көшеді. Мұнда, аздаған кідірісті есепке алмағанда, 35 маусым бойы сахнадан түспей келеді. Ұлы балеттің орындаушылары да ұлық болуы тиіс еді. Бас кейіпкерлердің партияларын Майя Плисецкая, Наталья Бессмертнова, Никита Долгушин, Марис Лиепа, Николай Цискаридзе, Ульяна Лопаткина және тағы басқа бишілер орындаған.

«Махаббат туралы аңыз» авторын жаңашыл балетмейстер ретінде бағалап, оның туындысын, хореография онерінің жауһарына балады. Түрік ақыны Назым Хикмет шығармасының желісімен жасалған спектакль, Юрий Григоровичтің интерпретациясымен шынайы сезімнің күші, жан пидалығы мен нағыз драмаға толы туындыға айналды. Сұлу патшайым Мехмене Бану өз сұлулығын Шырын есімді сіңілісін емдеу үшін тәрк етеді. Сырқаттан айығу қуанышы, патшайымның ұсқынсыздығымен көмескіленіп, көңілді жадау етіп тұрды. Бұдан былай апалы-сіңілінің тағдыры бір. Махаббат сезіміне де бірге елітіп, екеуі бірдей Фархат есімді бозабалаға ғашық болады.

Нәзік шығыс пластикасы Симон Вирсаладзенің декорациясы және костюмдерімен көмкеріліп, балетте эстетикалық революцияны жүзеге асырды. Сахнада арабтың өрнектелген жазуымен басылған ертегі кітабының парақтары аударылады. Осы ертегіге үңілсеңіз парсы миниатюрасына куә бола аласыз. Әр би қимылы белгілі бір мағынаға ие. Кордебалетті үрей туғызар көпшілік сахналарда қолданып, қауіпті демеулер, драмалық дуэт пен монологтармен байытып, балетмейстер уақыт әмірі жүрмейтін шедевр жасап шықты. Әзірбайжан композиторы Ариф Меликовтың музыкалық сүйемелдеуі жылы күйге бөлеп, көңіліңізді жадыратады.

Нұр-Сұлтанда «Махаббат туралы аңыз» балеті алғаш көрсетілмекші. Премьера «Астана Балет» театрының сахнасында, маусымның 3, 5 және 6 күндері өтеді.