Қысқы балет ертегілері – көрермен қауымды, әсіресе балаларды тамсандыратын сахнадағы нағыз сиқыр.
«Қар патшайымы» ертегі-балетімен ашылған жаңа жылдық көрсетілім 7 және 9 қаңтарда сәтті өтіп, көпшіліктің, әсіресе балалардың көңілінен шықты.
Мерекелік атмосфераның жалғасы іспетті, 18-19 қаңтарда «Астана Балет» театры екі актілі «Күлше қыз» қойылымын ұсынды.
Бұл спектакльдер қысқы мерекелік көңіл-күйге бөлеп, көрермен жүрегін ғажайып сезімге толтырады.
«Күлше қыздағы» Прокофьевтің әуені көркем әуезді ғана емес, терең контрастқа толы. Музыка сан қатпарлы: хореографияның ажарын ашатын салтанатты әрі маңғаз сарыннан бастап, лирикалық, арманшыл әуендерге дейін. Балеттің сюжеті ертегіге тән сюжет желісімен басталады: жетім қалған Күлше қыз өгей шешесі мен әпкелерінің қатыгездігінен опық жегенімен, бірақ сиқыр мен ханзаданың сүйіспеншілігінің арқасында өз бақытын табады.
Балет хореографиясы да ерекше назар аударарлық.
Қойылымның классикалық нұсқасында хореографтар Прокофьев музыкасының бүкіл өзіндік ерекшелігін сахнада бейнелей алды: виртуозды, драмаға толы күрделі билер лирикалық және эмоционалды сәттермен үйлесімді түрде біріктіріліп, толық әрі жарқын туындыға айналды.
Татьяна Тен мен Наталья Фернандес - Менес әуелей билеген, ғажайып Күлше қыздың рөлін сомдап, грация, драматизм мен ішкі қуатын паш етіп, талғампаз көрерменнің көңілінен шықты. Басты кейіпкер тектілік пен пәктіктің ғана емес, сонымен бірге табандылықтың, күрес пен үміттің символындай көрінеді. Қазақ ұлттық хореография академиясының дарынды оқушысы Айшабегім Құрманбек кішкентай Күлше қызды сомдады.
Жалынды әрі келбетті ханзаданы сомдаған Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, орындаудың эмоционалдылығы және шынайылығымен тамсандырды. Кейіпкер таңдау жасап, кедергілерге тап болады да, күмәнін сейілдіп, сайып келгенде, өзі іздеген бақыт құсын қолына қондырады.
Әсел Жанғасқаеваның орындауындағы өгей шешесі де көрерменге ұнады. Ашуын көрсету үшін ол агрессивті қимылдарды қолданып, осылайша Күлше қыздың антагонисті ретіндегі бейнесін күшейтті.
Екі қызы - Долы мен Қыңыр (Сузуки Канон және Қаламқас Орынбасарова) бейнелері де кәсіби орындалуының арқасында қошеметке ие болды. Тоқмейілсіген, ауыр мінезі мен Күлше қызды үнемі мұқатып жүрсе де, бұл қыздар ханзаданың назарын өздеріне аударып, өз бақытын табуға тырысты.
Лиризм мен ашық гармония жарқын, кейде, өте күрделі партияларға ауысып, балеттің ажарын аша түседі. Дирижер Элмар Бөрібаевтың сиқырлы таяқшасына ілескен оркестр осы иірімдердің бәрін жеткізе білді.
Сергей Прокофьевтің музыкасына қойылған «Астана Балет» сахнасындағы «Күлше қыз» балеті – махаббат пен қиындықтарды жеңу туралы ғажайып оқиға ғана емес, сонымен қатар, астаналық көрерменді өзінің тереңдігі әрі сан қарлылығымен тамсандырған тамаша туынды деп сеніммен айтуға болады.