15/12/2018

«Астана Балет» сахнасында қысқы ғажайып

22, 23, 25, 27, 28, 29, 30, 31 желтоқсанда, және 4,5,6,9 қантарда «Астана Балет» театры Қазақ ұлттық хореография академиясымен бірлесе отырып көрерменіне алғаш рет Петр Ильич Чайковскийдің «Щелкунчик» атты ғажайып ертегідей балетін көрсетеді. Аталған шықармашылық жобаға 150-ден астам академия тәрбиеленушілері мен 40-қа жуық театр әртістері қатыспақ. Балалар мен ересектерге арналған осы жылы жылдық ертегі мереке қарсаңындағы қаланың күйбең тіршілігінен сейілтетін сый болмақ.

Әр жаңа жыл мерекесінің алдында мерекелік атмосфера әуелеп, жарқын, ертегідей тәтті сезімге бөленесіз. Ақ ұлпа қар басқан көше шамдары жүрегіңізге үміт отын жағады. Жаңа жыл қарсаңындағы осы күндері «Астана Балет» театры көрерменіне нағыз қысқы ертегіні паш етпекші: алты күн бойы театрдың жаңа жылдық атмосферасы мен «Щелкунчик» атты ғажайып балеті ешкімді де бей-жай өалдыра қоймас. Бұл туралы театрда өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.

Театр директоры Валерий Кузембаевтың айтуынша, «Астана Балет» театрының сахнасына балет Василий Вайноненнің редакциясында қойылмақ. Бұл спектакль талай жыл Мариин театры репертуарының көркі болатын. Гофманның «Щелкунчик пен тышқан патшасы» атты ертегісінің желісімен либреттосы жазылған үш көріністі балет қойылымын жасаған РФ Халық әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова.

Қоюшының ассистенті Елена Шерстнева спектакль 1934 жылы көрерменге жол тартып, әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқанын атап айтты.

«Әсемдік пен ғажайыпқа толы ертегіге қатысу – бір бақыт. Балетте (Вайноненнің редакциясыдағы) көп балалар қатысады. Бұл – академия оқушылары үшін үлкен тәжірибе мектебі, кәсіптің қыр-сырына қанық болу», - деді ол.

«Щелкунчик» балетінің романтика мен сиқырға толы өзіндік қойылымын Василий Вайнонен 1934 жылы С.М.Киров атындағы Ленинград опера және балет театрында (Мариин театры), кейін, 1938 жылы – Үлкен театрда қойды. Содан кейін, бұл қойылым КСРО және шет елдердің көптеген театрларының сахнасына шығарылған болатын. Балетте Чайковский мен Петипа заманында болмаған, классикалық бидің жаңа техникасы қолданылды. Хореографтың нағыз шедевріне айналған «Ақшақарлар биі» көрінісі болатын. Оны жеке концерттік нөмір ретінде де жиі көрсетіп келеді.

«Щелкунчик» - балалық шақ жайлы симфония. Анығын айтқанда, балалық шақпен қоштасар сәттегі сезім жайлы жыр. Бозбала шақтың көкжиегі көрінгенімен, балалықтың тәтті қиялы мен үрей-қорқынышы таусыла қоймаған кез. Ойыңыз бен сезіміңіз түс арқылы асқақтап, тек сезіне алатын, елестете алатын бейтаныс өмірге қарай қадам басасыз» - деп жазған еді, музыка сыншысы Борис Асафьев.

Спектакль премьерасында театр труппасымен қатар, Хореография академиясының оқушылары да өнер көрсетеді. Олар бірінші акттің балалар сахнасын, ақшақарлар биін, дивертисменттегі қуыршақтар биін орындап, ал, академия түлектері Маша мен Ханзаданың жетекші партияларын орындап шығады. Тәлімгер-репетиторлардың айтуынша, әртістердің жасы да ересегі де күн-түн демей дайындық жүргізуде.

«Бұл – болашақ әртістердің кәсіби тұрғыда шыңдалуына, театрдың рух берер ұлылығын сезініп, сахналық өмірді шынайы түрде сезініп, білуге негізделген үлкен тәжірибе. Балалар күнделікті дайындыққа үлкен ықыласпен, қызығушылықпен барады. Олардың көңіл-күйі көтеріңкі, тіпті, жаңа жылға ата-анасына баруға да асық емес. Өйткені, ғажайып жаңа жылдық көңіл-күймен қатар, үлкен ахнада өнер көрсету, «театр өмірінің» дәмін сезіну – оларға шабыт сыйлап, өнерге деген қызығушылықтарын арттырып келеді», - дейді Қазақ ұлттық хореография академиясы кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің жетекшісі Светлана Кокшинова.

«Астана Балет» театры үшін қойылым сценографиясын театрдың декорациялық цехінің жетекшісі Жандос Омаров дайындады. Оның айтуынша, дайындық барысында Мариинский театрының тұжырымдамасы басшылыққа алынды.

«Біз толық циклді театр болуға дайындалып келеміз. Көрерменге көрінбейтін сахна сыртындағы зор жұмысты біздің цех жұмыскерлері атқарып келеді. 200-ден астам костюмдер мен реквизиттер дайындалды. Ерекше реквизиттер мерекелік спектакльдің әсемдігі мен ғажайыпқа толы екендігін дәлелдей түседі. Біздің театр алғаш рет үш актілі, толыққанды спектакль қоймақшы. Балеттің өзіндік сценографиясы жанға жайлы, мерекелік көңіл-күй сыйлап, көрермендерге қайталанбас әсер береді деп үміттенеміз», - дейді театр басшысының орынбасары Дүйсен Мұсабеков.

Театр биректоры Валерий Кузембаев Астана қаласы өз көрермендеріне әртүрлі жанрлар мен редакциядағы спектакльдерді тамашалауға керемет мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, биыл «Астана Балет» өз көрермендеріне Василий Вайноненнің әсерлі де ғажайыпқа толы ертегі «Щелкучикті» ұсынса, «Астана Опера» театры аталған спектакльді заманауи хореограф Юрий Григорович редакциясында ұсынбақ. Мүндай таңдау бүрын-соңды болмаған. Барлық қойылымдарға билеттер алдын-ала сатылып кеткен.

«Көрермендердің мұндай ықыласы бізге үлкен шығармашылық жауапкершілік жүктейді. Біз ұжымымызбен шын мәніндегі жаңа жылдық көңіл-күй мен мереке сыйлауға барынша тырысатын боламыз», - деп атап айтты театр басшысы.

Маша мен Щелкунчик жайлы оқиға – шынайы махаббат, достық пен адалдық көптеген қиыншылықтарды жеңуіңізге септігін тигізіп, Тышқан Королінің әскерімен шайқасып, оны жеңуге көмектесетіні жайлы оқиға. Жаңа жылдық осы ертегі балаларға, сонымен қатар, ересектерге де қиян-кескі ұрысқа тайсалмай бас салған кезде ғана жеңіске жетуге болатыны, махаббат күші бәрінен де басым түсетіні жайлы еске салатын оқиға. Балеттегі оқиға жаңа жыл мерекесінде өтеді, демек, жыл алдындағы ғажайып көңіл-күй куәгері боласыз.