28-29 маусымда «Астана Балет» сахнасында биылғы маусымның жарқын премьерасы – заманауи балеттің үйреншікті емес пластикасын шығарушы ретінде танылған Илья Живой хореографиясымен қойылған «Touch The Light» балеті көрсетіледі. Қойылымның басты ерекшелігі – заманымыздың әйгілі каллиграфы Покрас Лампас каллиграфиясы.
Touch the Light – музыка, сән, стрит-арт, каллиграфия мен неоклассикалық би түйіскен тұсындағы перформанс. Алты биші адам бойындағы ішкі сәуле, оның жаны туралы және осы дүниеден өз орныңды табу жайлы әсерлі әңгімені сахналайды. Спектакльге қатысатын үш жұптың әрқайсының өз партиясы бар. Осылайша әр бишінің өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, сахнада сан қатпарлы әрекет орын алады.
Балет әлемінде жаңашыл жобаларымен аты шыққан қоюшы-хореограф Илья Живой «Touch the Light» қойылымында да алдыңғы қатарлы технологиялармен ұластыра отырып, адам тәні мен би мүмкіндігінің шегін зерттеуді жалғастырады. Оның туындылары неоклассика мен заманауи би техникасының элменттері түйіскен өзіндік стилімен ерекшеленеді.
«Сәуле әрқайсымыздың бойымызда бар әрі бұл жалын ғаламның сыйы. Бұл қабілет жүректі тербеп, тағдырлы шешімдер қабылдап, сиқыр жасауға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана ұшқын болсын, алаулаған жалын болсын мейлі, оған бір табан жақындауға бел бусаң, өзгенің еш мәнісі жоқ...», - дейді хореограф Илья Живой.
Спектакльдің музыкалық діңгегі Филип Гласс шығармалары. Олар визуалды және хореографиялық элементтерді толықтыра түседі. Бейне безендіру бойынша суретші Покрас Лампас та туындыға өзіндік көзқарасын қосқан: ол балет әртістерінің қимылдарымен синхронды көркем каллиграфиялық элементтерді жасап, қайталанбас визуалды симфония шығарды. Жарық суретшісі Константин Бинкиннің визуалды безендіруге қосқан үлесін де атап өткен жөн. Ол да өзіндік атмосфераны жасап шығарды. Костюм суретшісі Соня Вартанян дайындаған киім де қойылым стилімен ортақ. Костюмдердің арқасында адам бойындағы ішкі сәуле мен өмірден өзін іздеуі туралы туынды тұжырымы да мейлінше тереңдей түсті.
«Touch the Light» балеті – балет, каллиграфия, жарықпен және бейнемен безендіру өнерінің жетістіктерін біріктірген заманауи өнердің келбеті іспетті. Бұл туынды ешкімді бей-жай қалдырмай, бойындағы ішкі сәулесі туралы, өз ішіне үңілу туралы ойларға жетелейтіні сөзсіз.
«Біз дүниежүзінің үздік мамандарын шығармашылық ынтымаққа шақыра отырып, жаңа форма және жанрмен эксперимент жасауға әрқашан дайынбыз. Осылайша әртістеріміздің де кемелдене түсуіне ықпал етеміз. Жаңа қойылым көрермен көкейінен шығып, таң қалдырады деп ойлаймын. Өйткені, балеттің жаны бар, динамикалы өнер екенін паш етеді. Бұл жоба – өнердің әр саласы мен заманауи технологияларды түйістіре отырып, ғаламат дүние шығарудың жақын мысалы», - деп атап өтті, Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
04/06/2024