19/07/2019

"Астана Балет" Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында алғаш рет өнер көрсетеді

22 тамызда Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында хореограф Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри дайындаған «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарламасы көрсетіледі№ аталған концерттік бағдарлама Америка мен Еуропаның әйгілі сахналарында көрермен ықыласына бөленген-тін. Бұл дивертисмент Ұлы Даланың жылнамасына арналған, түрлі стильде жасалған хореографиялық миниатюралардан құралған.

         Хореография салтанатының шымылдығын «A Fuego Lento» бір актілі балеті жабады. Неоклассика мәнерінде жасалған спектакльді Бразилядан шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған. Бұл балет – бразилиялық самбо мен танго мәнеріндегі би ғажайыбы. Бұл қойылымды көрермендер де, балет әртістері де өте ұнатады. Себебі, мұнда құштарлық сезімі, орындаушылықтың зор шыңы көрініс тапқан.

Гастрольдің қалған күндері аңызға айналған «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетілмек. Үш көріністен тұратын балет бастапқыда Мариин театрында көрсетіліп, соңынан Үлкен театр сахнасына ауысты. Қоюшы-хореограф Юрий Григорович. «Астана Балет» театрының сахнасына лайықтап, спектакльдің бүге-шүгесіне дейін, мейлінше дәл қойған Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая. Бір кездері Үлкен театр салисттері болған олар, осы күні әйгілі балетмейстердің туындыларын Ресей, Корея, Қытая, Германия мен Бельгияның әйгілі сахналарына лайықтап келеді.

Сюжет негізі ежелгі парсы аңызы. Апалы-сіңілілі Мехменэ Бану мен Шырын сарай суретшісі Фархатқа ғашық болып қалады. Бозбаланың көңілі Шырынға ауып, Мехменэ Банумен арадағы қатынасы мүмкін болмайды. Себебі, бір кездері патшайым, сырқатқа шалдыққан сіңілісін аман алып қалу үшін сұлулығын тәрк еткен. Сарайдан қашып кеткен ғашықтарды сарбаздар қолға түсіреді. Фархат болса, халқының амандығы үшін махаббатынан бас тартады.

Кордебалеттің орасан сахналары мен төрт бас кейіпкердің эмоционалды монологтарын орындаған «Астана балет» театрының әртістері осы танымал туындыға өз нақышын, өз бояуын сіңіріп, спектакльді жаңа қырынан ашады. Әуелеп секіру мен өзге де би элементтері адам мүмкіндігінің шегінде жасалғандай әсер қалдырады. 

Анықтама есебінде. "Астана Балет" Театры 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. 2013 жылдың шілде айында алғашқы қойылым көрсетіліп, бес жыл ішінде, театр өз еліміз бен шет елдерде ынтызар көрермен қатарын молайтты. Классикалық мұраның жаңһарлары мен заманауи балет өнерін ұштастыра отырып, Театр ұлттық бидің де тың тынысын ашқандай. Астаналық ұжым Ресей, Қытай, АҚШ, Әзірбайжан, Франция, Италия, Белоруссия, Бельгия, Жапония мен Польшаның әйгілі театрларында өнер көрсеткен.