12/10/2022

«Астана Операдан» ғажайып «Жизель»

А.Аданның елес қыздар жайлы көне, тылсым аңыз желісі бойынша жазған таңғажайып «Жизель» балеті «Астана Опера» балет труппасының орындауында 22-23 қазанда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. Классикалық хореография жауһары ұжымның көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың қойылымында «Астана Балет» театры сахнасында өтеді.

Айта кету керек, «Астана Опера» балет труппасы «Астана Балет» театрының сахнасына бірінші рет шыққалы отырған жоқ. Былтыр желтоқсанда қос театрдың ынтымақтастығы аясында әртістер мұнда М.Фокиннің спектакльдері – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» және Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана», сондай-ақ Гала-балеттің жарқын бағдарламасын ұсынған болатын. Еліміздің ірі театр ұжымдарының алмасып өнер көрсетуі ізгі дәстүрге айналғаны қуантады. Республиканың шығармашылық күштерінің мұндай өзара әріптестігі мәдениет саласының дамуына игі ықпалын тигізіп, ұлы өнерді насихаттауға үлес қосады.

– Осынау керемет сахнада өнер көрсету – біз үшін сүйікті көрермендерімізбен ғана емес, сонымен қатар біздің қымбатты әріптестерімізбен кездесуге тамаша мүмкіндік. Біз Адольф Аданның «Жизель» спектаклін зор құштарлықпен орындаймыз, бұл балетте шынайы махаббат, күнәсін сезіну, кешірім және өзін-өзі құрбан ету секілді мәңгілік тақырыптар көтеріледі, ол еліктіріп әкететін музыка мен хореографияның ғажайып әсемдік жиынтығының үлгісі болып табылады. Кейіпкерлердің көңіл күйі мен уайымын толық жеткізіп, автор аңызға айналған балетте негізін салған ұлы сезімдерді бидің мәнерлі тілі арқылы беруге тырысамыз, – деді «Астана Опера» әртістері.

«Жизель» қойылымының осы редакциясының бірегейлігі – «Астана Опера» балет әртістерінің таңғалдырарлық орындауында ғана емес, сонымен қатар заманымыздың әйгілі театр суретшілері: көрнекті сценограф Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының лауреаты, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның көркемдік безендіруінде екенін айтуымыз қажет. Жизельдің күн сәулесі төгілген кішкене үйі, ормандағы алаңқай секілді ауыл өмірінің әдемі көрінісі жұмбақ елестердің түнгі билерінің сырлы атмосферасына ауысады, бұл елестер – күйеу жігіттерінің сатқындығының кесірінен үйлену тойы қарсаңында ажал құшқан қалыңдықтар. Қыздар айдың жарығында құдды бір көлеңкелер секілді қол ұстасып қатты айналады, италиялық суретші Винченцо Рапонидің жарықты жақсы ойнатуының нәтижесінде елес арулардың ғажайып сұлулығы көз тартады.

Күллі әлемнің балериналары сонау бала кездерінен нәзік Жизель бейнесінде сахнаға шығуды армандайтыны рас. Бұл рөлдің ерекше жарқын түсіндірмелерін әр кездері Карлотта Гризи, Анна Павлова, Ольга Спесивцева, Галина Уланова, Наталья Бессмертнова, сондай-ақ теңдессіз Алтынай Асылмұратова ұсынды. «Астана Опера» балериналарына осынау күрделі партияның эталондық орындауын үйреткен Алтынай Асылмұратованың өзі болатын.

Бұл күндері елордалық көрермендер осынау қиял-ғажайыпқа толы балет кейіпкерлерінің екі түрлі орындаушылар құрамының интерпретациясын бағалайды. Бұл ретте әрбір әртіс кейіпкерлердің бейнесін сомдай отыра, өнер көрсетуге өзінің бірегей ерекшеліктерін қосады. Сонымен, 22 қазанда Жизель партиясын «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева орындайды, оның ғашығы Альбертті Данияр Жұматаев таныстырады, Ганс – Қуат Кәрібаев, Мирта – София Әділханова. 23 қазанда жас қыз Жизельдің басты рөлінде театрдың дарынды солисі Анастасия Заклинская өнер көрсетеді, граф Альберттің партиясында Диас Құрманғазы дебют жасайды, Ганс – Ғалымжан Нұрмұхамет. Миртаның бейнесінде сахнаға алғаш рет Амина Кисембаева шығады. Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский, Елена Шерстнева.

Спектакльдердің басталуы 22 қазан 19.00-де, 23 қазан 18.00-де.