10/02/2019

Владимир Урин: «Біз «Астана Балет» солисттерін Үлкен театрда өнер көрсетуге шақырттық»

Опера және Балет театрларымен меморандумға қол қоюға арнайы келген Ресейдің ең көне әрі ең танымал театрының директоры отандық әртістеріміздің кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.

Ынтымақтастық туралы келісімге ресми қол қоймас бұрын, Владимир Урин «Астана Балет» театрына ат басын тіреді. Басшылықпен және шығармашылық ұжыммен жолыққан кезде, ол осы тектес сәулет ғимаратының барының өзі бақыт деген сыңайдағы ойын білдірді.

Үлкен театр директорына «Астана Балет» театрының түрлі жанрдағы репертуары мен театрдың техникалық мүмкіндіктерін паш етіп ғана қоймай, осы «сиқырдың» бәрін сахнада көрсеткен болатын. Жиырма минуттық арнайы бағдарламада қоюшы-хореограф Мукарам Авахридің «Саломея», Уильям Форсайттың «In The Middle, Somewhat Elevated» және шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» сынды үздік қойылымдарының үзінділері мен қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәтидің «Әсем қоңыр» атты миниатюрасы көрсетілді.

«Қазақстандық балеттің келбеті айқындалып келеді. Осында көргенімнің бәрі, Форсайттан өзгесі, сіздің сахнада жасалған. Яғни, сендер өзге балет театрлары секілді бар нәрсені қайталап қойып жатқан жоқсыңдар, өздеріңнің дербес дүниелеріңді сахнаға алып шығып отырсыңдар. Яғни, өздеріңнің бірегей дүниелеріңді паш етіп келесіңдер. Өзгелерден сендерді бөліп тұратын да осы жәйт», - деген пікірімен бөлісті Владимир Урин, бағдарламаны тамашалап болған соң.

айтуынша, жас болғанына қарамастан, «Астана Балет» театрының болашағы кемел. Үлкен театр директорының пікірінше, осының бәрі дарынды хореографтар мен солисттердің ерен еңбегінің арқасы.

«Бүгін заманауи балетті тамашалағаныма қарамастан, әртісттеріңіздің классикалық балет техникасын жете меңгергенін көріп отырмын. Қазіргі таңда бұл өте маңызды. Себебі, бұл заманауи хореографияны орындау барысында әртістердің біліктілігі айқын көрініп тұрады. Яғни, кез-келген заманауи хореография классикалық балет негіздеріне сүйенген», - деді ол.

Владимир Урин Театр репертуарында «Махаббат туралы аңыз» атты ұлы балет қойылғаннан кейін, қазақ әртістерін Үлкен театрда өнер көрсетуге шақыратынын айтты. Айта кетейік, Ресейдің әйгілі балетмейстері Юрий Григорович туындысының «Астана Балет» театрындағы премьерасы биылғы жазда өтеді деп жоспарланған. Ал, әртістердің тәжірибе алмасуы Ресей және Қазақстан театрларының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін, яғни, 2019 жылдың ақпан айынан бастап жүзеге асырыла бастайды.

«Солисттеріңізді Үлкен театрда өнер көрсетуге шақыртамыз. Себебі, олар ұлтының болмысын біздің әртістерімізден артық сезінетіні айдан анық. Әрине, біздің бишілеріміз мықты, дегенмен, ұлт болмысын ашу үшін сол ұлттық өкілі болған жөн», - деді, ресейлік театр директоры.

Атап өтерлігі, осы күні Үлкен театр ағылшын хореографиясын меңгеріп келеді. Ресейліктер «Metropolitan Opera», English National Opera, Ковент-Гарден Корольдік театры сынды әлемге әйгілі балет компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Директордың айтуынша, жуық арада Кристофер Уилдонның «Қысқы ертегі» атты спектаклі қойылмақшы.

Биыл Үлкен театр қазақстандық театрлармен шығармашылық ынтымақтастық орнатпақшы. Владимир Уриннің айтуынша, бұл байланыс «аға мен іні» арасындағы байланыс іспетті емес, керісінше, терезесі тең шығармашылық ұжыммен байланыс тұрпатында жүзеге асырылмақ. Өйткені, елордалық «Астана Балет» және «Астана Опера» театрларының жетістіктері орасан.

«Солисттермен алмасқанымыз абзал еді. Себебі, сіздің бишілеріңіз керемет. Театрларыңыздың техникалық мүмкіндіктерін онша біле бермеймін, әйтсе де, айтарым, Үлкен театрда техниканың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандары баршылық. Меніңше, сіздің жас театр үшін мұның да септігі тиер. Болашақта, ұжымдарымыз да өзара алмасып, екеуара гастрольдер де ұйымдастырылса екен, деп тілеймін. Бірақ, айтады ғой, ниет болса, бәрі болады», - деді ол.

Үлкен театр директоры театрларды өзара жақындастыратын дүниелер табылып, зор үміт артылып отырған ынтымақтастық көзбояушылық емес, керісінше, шын мәнісіндегі доспейіл әрі терезесі тең тараптардың өнер саласындағы ынтымақтастығына айналатынына сенімін білдірді.