2-шілдеде астаналық көрермен назарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылады. Бұл бағдарлама Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрермен қошеметіне бөленген. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Ұлттық бірегейлікті өзіндік би тілімен жеткізетін этнографиялық сипаттағы бағдарлама – театрымызды айшықтап тұрған дүниеге айналды. Концерттік бағдарламада қазақ хореографиясының соңғы жетістіктерін тамашалап, этнографиялық элементтердің, дәстүрлі би мен заманауи балетмейстерлік шешімдердің үйлесіміне куә бола аласыз.
«Ұлы Дала мұрасы» би сюиталарының жинағы мәдениетіміздің құнды дүниелерін бойына сіңірген. Би, пластика тілі арқылы біз халқымыздың жан-дүниесін ашуға тырысамыз», – деген ойымен бөлісті, қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти.
Қазақстандық балетмейстерлердің хореографиялық миниатюралары кең-байтақ қазақ даласының бойыңа шабыт дарытар әсем табиғатын, халқымыздың дәстүрі мен тарихын би тілімен жеткізеді. Театр әртістерінің орындауындағы қазақ ұлттық билері халқымыздың жанын, ұлылығы мен парасатын, ашық-жарқын болмысын ашып, ал, көрермен қауым балет өнерінің көз жауын алар әсемдігіне, тылсым құдіретіне тәнті болады.
Ал, 5-6 және 8-9 шілдеде "Астана Балет" театрының сахнасында, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Еуропа хореографиясының кеші өтеді. Бірінші бөлімде «Орфей мен Эвридика» бір актілі балетінің премьерасын тамашалай аласыз. Бұл – композиторлар Сергей Прокофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фридрих Гендель және Дэвидсон Джаконелло музыкасына модерн элементтері бар неоклассика мәнерінде қойылған, Ежелгі Грекия мифінің хореографиялық интерпретациясы. Қойылым хореографы – Джон Ноймайердің Гамбург балетінің бұрынғы бишісі Кристина Полин. Екінші бөлімде Стивен Райхтың дауылпаз ырғағындағы әуеніне заманауи би алыбы Иржи Килиан қойған «Жолдан тайғандар» хореографиялық миниатюрасы көрсетіледі.