7-8 қазанда «Астана Балет» театрының сахнасында әйгілі балетмейстер Георгий Ковтунның композитор Ақтоты Райымқұлованың музыкасына қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетін тамашалай аласыз. Балеттің бір ерекшелігі – дара шығармашылық әдістің жүзеге асырылуында: Европалық оркестр мен қазақ ұлттық аспаптарының үндестігі. Балет бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрі мен «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді.
Сюжет желісі қазақтың романтикалық эпосын арқау еткен туынды – отандық өнеріміздің асыл қазынасын толтырып, ел мәдениетінде ерекше маңызға ие болды. Лиро-эпостық жыр заманауи ұлттық балетке сұранып тұрғандай. Мұнда қарама-қайшылықтардың мәңгілік текетіресі, жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен зұлымдықтың, адалдық пен опасыздықтың айқасы айқын суреттелген.
Спектакль эпикалық сюжетті сахналауда заманауи әдістерді қолдануымен ерекшеленеді. Қақтығысты шиеленістіре түсіп, көріністі көркейтіп, көрермен қауымның кейіпкерлердің қуаныш-қайғысына барынша ортақтасуына сеп болуы үшін авторлар туындыға тың иірімдер қосты. Соның ішінде, балеттің көркемдік кестесіне көне түркі мифологиясы мен космогониясының жұрнағын жалғады. Сахнада көшпелі мәдениет әдемі бейнеленген. Тағы бір ерекшелігі – көне түркі мифологиясының бейнесі – бөрінің бейнесі де жақсы сомдалған.
Классикалық және заманауи балеттің дәстүрін үйлестіре отырып, қазақ биінің өрнегі мен күш салатын элементтерді біріктірудің арқасында қоюшы-балетмейстер Георгий Ковтун ұлттық нақыштағы өзіндік хореографиялық иірімі бар туынды шығарды. Күрделі әрі бай сценографияны, кейіпкерлердің әсем, көркем костюмдерін, ғажайып декорациялар мен таңдай қақтырар жарық әсерлерін де атап өткен жөн.
Көрерменнің пікіріне сүйенсек, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі ересектерге ғана емес, жасөспірімдерге де ұнаған тәрізді. Жасөспірімдер сахнадағы әртістердің көркемдік вариация орындап, биікке секірген тұстарында демін ішіне тартып, көз алмай қарап отырды. Заманауи реңге бөленген бұл спектакль жаңа қырынан ашылып, тың бояуының арқасында көрермен қауымды ғажап күйге бөледі.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.