9-10 ақпанда «Астана Балет» театры 2023 жылғы ғаламат премьера – Сергей Прокофьевтің музыкасына Ресей және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Владимир Яковлев қойған «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрсетеді. Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.
«Ромео мен Джульетта» спектаклі – өзектілігін жоймаған мәңгілік классика. Талай мәрте сахналанған бұл шығарманың әрбір жаңа қойылымы өзіндік күш-қуатымен, өзіндік ой толғанысымен ерекшеленеді. Веронаның қос ғашығы жайлы мәңгілік тақырып түрлі буын көрерменнің қызығушылығын бір сәт кеміткен емес. Осы шығармадан әркім өз замандастарының келбетін таниды. Себебі, расында да шынайы махаббат екінің бірінің маңдайына жазыдмаған.
Шекспирдің мәңгілік трагедиясы астаналық театрда сахналанды. Балетмейстер үш актілі балетті екі актілі балетке айналдырып, динамикасын арттырды. Пантомима сахналары Веронаның жауласып жүрген екі отбасы өкілдерінің шайқасатын сахналары да молынан қолданылған.
Владимир Яковлевтің хореография тілінің өзіндік қолтаңбасы бар: романтикалық сахналарға ғана емес, трагедия астарына да баса мән беріліп, жауласқан екі отбасының арасындағы қақтығыс елеусіз қалған жоқ. Спектакльдегі жекпе-жек пен дуэль сахналары бүге-шігесіне дейін ойластырылып, осының арқасында шығарманың динамикасы артып, көрермен тақымын қысып отырады. Ромео мен Джульеттаның арасындағы балғын сезім, Меркуционың әзілкештігі, Күтушінің қарапайымдылығы, Лоренцоның даналығы, Тибальдтің қатыгездігі, италиялық көшелерге тән нақыштар мен мерекелік көңіл-кұй, ажал сахнасындағы драматизм – осының бәрі спектакльде көрініс тапқан.
Спекаткльдің музыкалық сүйемелдеуін де атап өтпеске болмас: Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі оркестрдің орындауындағы ғажайып музыка театрдың тұрақты көрерменінің сүйікті әуеніне айналды. Себебі, қос кейіпкердің арасындағы махаббат пен шиеленісті музыка мейлінше аша білген. С.Прокофьевтің әуенін музыканттар түрлі эмоция мен нәзік сезім ырғағына көмкеріп, композитор шығармасын көрермен жүрегіне жеткізе алды.
Шағын, жиі алмасып отыратын сценография, әсем костюмдер халық өмірін, Вероналық ақсүйектердің үйі-ішін, Лоренцо шіркеуінің көркем бещендірілуі мен Капулетти әулетінің отбасылық мазары көрермен қауымды Қайта Өрлеу дәуіріне жетелеп әкететіндей.
Басты партияларды әр күндері орындайтындар: Ромео – Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, Джульетта – Назерке Аймұхаметова мен Наталия Фернандес Менес, Тибальд – Фархад Буриев пен Бауыржан Боранбаев, Меркуцио – Ерқанат Ермағамбет, Бенволио – Нұрзат Берікқазыұлы, Парис – Уэсли Карвальо мен Сүндет Сұлтанов, Лорд Капулетти – Ильдар Шакирзянов, Леди Капулетти – Әсел Жанғасқаева мен Риза Қанатқызы, Күтуші – Шырын Зайчикова.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.