15-16 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында премьералар кеші өтеді. Екі күн бойы көрермен назарына заманауи хореографтардың екі жаңа спектаклі ұсынылады: Густав Малердің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Soli Deo Gloria» және Лиза Джеррард музыкасына Олжас Маханбетәлиев қойған «Nine».
«Еңбек жолын енді бастаған жас хореографтарға спектакль қоюды сеніп тапсыру кез-келген театр үшін сирек ұшырасатын құбылыс. Болмыс-бітімі екі түрлі хореограф екі бөлек спектакль қойды. Дегенмен, екеуі бірлесіп, заманауи хореография мектебінің жаңа буынының тынысын танытып отыр. Көрермен қауым жас хореографтардың дара би тілімен қойылған авторлық хореографияны тамашалай алады. Бұл екі туындының да көтерген тақырыбы маңызды. Авторлар адам баласы жайлы, оның қоршаған ортамен, мына әлеммен қарым-қатынасы туралы ой толғайды», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Премьералар кешінде «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін, Айнұр Әбілғазина қойған «Soli Deo Gloria» балеті көрсетіледі. Оның туындысындағы қимылдар дәстүрлі, классикалық мәнерде. Тіпті, осы эстетикаға деген сүйіспеншілік аңғарылады. Бұл түсінікті де: Айнұр Әбілғазина балет әртісі. Хореографияға орындаушы көзқарасымен қарағандықтан болар, оның балеттері әсем, көрікті. Әртістер үшін де өте ұтымды.
«Мен қойған жаңа спектакль – басты кейіпкердің көңіл-күйі мен сезімін суреттейді. Жұмыр жердегі бейнесімен қош айтысып, о дүниеге қадам баспас бұрын, ол өмірінің сан сатысындағы үзік сырларына үңіліп, махаббат сынды сан қырлы сезім сыйлайтын түрлі көңіл-күй өрнектерімен өрілген, сол бір шақтағы тылсым күйін қайта кешеді. Өз басым, адам жаны бір кездері қол үзіп қалған сүйіктілерімен, жақындарымен қайта қауышатынына сенемін. Музыка да өте терең әрі күрделі. Бәрі бірімен-бірі сабақтасып жатыр: музыка мен хореография үндесіп адам баласының түрлі өмір белестерінде басынан өткеретін сезім иірімдерін көрермен санасына жеткізеді деп ойлаймын», – дейді хореограф Айнұр Әбілғазина.
Сонымен қатар, Лиза Джеррардтың музыкасына Олжас Маханбетәлиев қойған «Nine» спектаклі көрсетіледі. Бұл балеттің хореографиялық тіні бірнеше би бағыттарының синтезінен тізілген. Қоюшы-хореограф өмір мен дүниенің негізі – тоғыз планетадан тұратын Күн жүйесін спектакль тақырыбының өзегі етіп алған. Өмір бойы біз сандармен ұшырасып жатамыз. Әр санның өз табиғаты, өзіндік кезеңі бар. Солардың ішінде тоғыз санының да тылсым күші зор деп есептеледі.
«Бұл – өмір жолы мен өмірдегі орныңды іздеу жайлы балет. «Өмір деген – қас-қағым сәт» деген өлең жолдары бар ғой. Біздің жадымызда, санамызда із қалдыратын осындай жарқын сәттер мәңгілік сақталады. Меніңше, кез-келген нәрсені салыстыра отырып тануға болады. Түнек болмаса жарықтың мәнін ұғынбас едік. Жақсы мен жаманды ажырата білу де қиын болар еді. Нәтижесінде, өміріміздегі жарқын сәттердің жиынтығынан толысқан көңіл-күймен бөлісеміз. Осылайша, өмір жолымыздың соңғы сәтінде осы сан-түрлі күйді бір-ақ сәтте кешеміз», - деген ойымен бөлісті хореограф Олжас Маханбетәлиев.
Астаналық көрермен құрамдас бөлшектерінің бәрі толысқан кемел спектакльге куә болады: орындау техникасы мен әртістердің актерлік шеберлігі, балеттердің қызықты музыкалық шешімдері мен мұқият ойластырылған сценография және жарықпен безендіру.
Премьералар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.