29/09/2021

«Астана Балет» сахнасында бір актілі балеттер кеші өтеді

8-9 қазанда «Астана Балет» театрында бір актілі балеттер кеші өтеді: астаналық көрермендер шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» және  Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» туындыларын тамашалайды.

«Өткенге саяхат» («A Journey of a Memory») – көрермен қауымды бейсана әлеміне жетелейтін ғажайып спектакль. Бұл бір актілі балеттің идеясы атауынан-ақ көрініп тұр. Жас неміс балетмейстері Раймондо Ребектің өнерге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Ол көрермен қауымға адам жадының елеске толы күйін қалай сездіру керегін өзінше топшылайды.

Талай ғасырлық тарихы бар байырғы алтын жақтаулардың, ескі шырағданның имитациясы қолданылған әсерлі сценография мен Фредерик Шопен, Эцио Боссо, Филипп Гласс пен Фазыл Сайдың романтикалық әуендеріне қойылған заманауи пластика – өткен шақ, осы шақ пен болашақ жайлы ой қозғайтын атмосфераны тудырады.

«Балет кейіпкері осы шақ пен өткен шақтың екі ортасында қалғандай күй кешеді. Айнаға қарап өзін ғана емес, өзін мазалаған ойларын да көргендей болады; өмірінің жарқын шақтары түрлі кинофильмдердің кадрлары іспетті жарқ етіп, жадында жаңғырады», - дейді хореограф Раймондо Ребек.

Хореограф Рикардо Амарантенің аргентиналық ұлы композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойған «A Fuego Lento» («Баяу жалын») неоклассикалық балеті – балетмейстердің махаббат, ынтық сезім мен құштарлық жайлы еркін романтикалық фантазиясы. Ішкі қуаты мен харизмасының арқасында бұл спектакльді әртістер де, көрермен қауым да бірдей ұнатады. Себебі, мұнда мінсіз орындау техникасы мен жер бетіндегі нағыз сезімтал би – тангоның ғажайып иірімдері қатар өрілген.

Спектакльдердің басталуы: 8-қазан, сағат 19:30; 9-қазан, сағат 18:00.

Естеріңізге салайық, 16-қазанда «Астана Балет» театры өте әсерлі әрі тартымды «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын көрсетіп, сахнада қазақ ұлттық биінің жауһарлары моншақтай жарқырайды.

Іс-шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.