1-желтоқсанда «Астана Балет» Театры қазақ хореография өнерінің қазіргі жетістіктерін паш етер сахнаға айналмақшы. Бұл кеште «Ұлы Дала мұрасы» атты бірегей бағдарлама мен Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Жусан» балеті көрсетіледі.
«Ұлы Дала мұрасы» - Театр репертуарындағы үздік миниатюралардың жиынтығы. Мұнда этнографиялық элементтер заманауи балет шешімдерімен үйлесім тапқан. Бұл бағдарлама Театрдың гастрольдік афишасына енеді: оны тамашалаған Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк және өзге де қалалардың көрермені қошеметін аямады. Британдық Таймс бұл бағдарламаның «ұлттық бояуы» мен «бай костюмдері», қазақстандық әртістердің «ғажайып орындаушылық қабілеті» жайлы жарыса жазды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти қойған әр миниатюра – жарқын костюм, қызықты драматургия мен танымал әуендерінің арқасында мини-спектакльге татиды. Сонымен қатар, бұл кеште композитор Ғазиз Тұмановтың музыкасына қазақстандық хореограф Анна Цой қойған «Жалынан жел ескен» миниатюрасы да көрсетіледі. Бұл жылқы атаулыға дамыл бермей, үнемі қозғалыста болуға итермелейтін дала әуені туралы шағын әпсана.
«Жусан» бір актілі балетінде хореограф халқымыздың басынан өткен қилы кезеңін, өмірлік күш-қуаты мен асқақ рухын көркем пластика тілімен жеткізуге тырысқан. Біртума хореография еуропалық, орыс және ұлттық музыкамен көмкерілгенде ерекше әсер етеді. Жарық әсерлері мен бейне инсталляция көрермен қауымды Сарыарқаның ұлан-ғайыр даласымен серуенге алып шыққан тәрізді болады. Бұл – аңыз бен әпсанаға толы ұлы дала.
Спектакльдің басталуы: 1-желтоқсан, сағат 18:00.