29/06/2022

«Астана Балет» театрында Еуропа хореографиясының кеші өтеді

5-6 және 8-9 шілдеде «Астана Балет» театрының сахнасында, маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Еуропа хореографиясының кеші өтеді. Бірінші бөлімде көрермен қауым Джон Ноймайердің Гамбург балетінің бұрынғы бишісі Кристина Полин қойған «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасын тамашалай алады.

«Бұл спектакльдің оқиға желісі қазіргі заманда, сонымен бірге, белгісіз уақытта орын алады. Яғни, ол уақыттан тыс. Ол үшін мен модерн мен неоклассика элементтерін қолданамын. Сондай-ақ, кейіпкерлердің фәлсафасын өрбітіп, яғни, мифтік уақыт шектеуінен шыққанда олар қалай әрекет етер еді, деген болжам жасаймын. Сонымен қатар, рухани-фәлсафалық, яғни, мәңгі сұрақтарға жауап іздеймін. Саналы адамның бәрін осы мәселелер мазалайтыны анық. Балет негізіне Орфей мен Эвридика жайлы қасіретті оқиға алынып отыр. Бұл спектакльде жақыныңнан қол үзу, көз жазып қалу тақырыбы көтеріледі. Ал, рухани тұрғыдан келсек, спектакль жалпы өмірдің мәні туралы ой қозғайды. Орфей сүйіктісімен, яғни, ол қайтыс болған соң, жанымен кездесуге асық. Ал, Эвридикадан айырылып қалғанда, осы сұрақтардың жауабын монастырьде отырып табады. Сөйтіп, ол Эвридикамен тек соңғы демі таусылғанда ғана, яғни, жандары мәңгілік қосылғанда ғана табыса алатынына көз жеткізеді», - деген ойымен бөлісті, қоюшы-хореограф Кристина Полин.

Балетте Сергей Прокофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фридрих Гендель, Дэвидсон Джаконелло сынды композиторлардың әсем әуендері қолданылып, соның арқасында сахнадағы көріністің көркем күші артады. Неміс костюмері Деннис Пешкенің сахналық костюмдерінде осы мифтің символикасы көрініс тапса, чех сценографы Отто Бубеничектің декорациясында тауға ұқсайтын біркелкі емес, айна секілді геометриялық бейнелер қолданылады. Сахнадағы көрініс көрерменнің көңілін баурап әкетіп, мың бұралған бишілер ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Осы кештің екінші бөлімінде хореография өнеріне тәнті көрермен заманауи би көшбасшысы Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» атты хореографиялық миниатюрасын тамашалай алады. Бұл туындының «Астана Балет» театрындағы премьерасы биыл 1-2 сәуірде өткен болатын. Килианның есімін әлемге әйгілі еткен ақ-қара түсті балеттердің ішіндегі ең танымал туындысын астаналық театр сахнасына лайықтаған хореограф – Стефан Жеромски.

Спектакль дауылпаз дыбысының сүйемелдеуімен өтеді. «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің концертмейстері Жасұлан Қабимолла бастаған ұрмалы аспаптарда ойнайтын тобы – америкалық минималист Стивен Райхтың «Drumming» атты күрделі туындысын орындап шығады. Олар сахнадағы әртістердің қимыл-ырғағын сүйемелдеп қана қоймай, көрермен залын елітіп әкетері даусыз.

Астана күніне орайластырылған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.