06/03/2023

«Астана Балет» театрында бір актілі балеттер кеші: «Серенада» мен «Тағдыр бұлтарыстары»

«Астана Балет» театрының сахнасында 17-18 наурызда бір актілі балеттер кеші өтеді. Кеш бағдарламасында П.Чайковский музыкасына Джордж Баланчин қойған әйгілі «Серенада» балеті мен танымал қазақстандық композитор Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» спектаклі көрсетіледі. Екі қойылымды да театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр сүйемелдейді.

Бірінші бөлімде неоклассикалық хореографияның інжу-маржанына баланған «Серенада» балеті көрсетіледі. Бұл балеттің сахналық безендіруіне минимализм тән: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Серенада» туындысында мінсіз техника, форманың классикалық толымдылығы, стиль тазалығына деген ұмтылыс сезіледі.

«Баланчин хореографиясы – талғамын арттырып, би өнеріндегі стиль мен шектің шама-шарқын тануда әртістер үшін нағыз темірқазық. Әртістердің санасында классикалық хореографияны көрсетудің өзге тәсілі қалыптасады. Яғни, тәнің классиканың ұлылығын әспеттесе де, Баланчин хореографиясына белгілі бір деңгейдегі ойнақылық пен табиғилық тән. Осы бір екіұдай күйде сюжетті драматургия болмағанымен, сюжет бар. Сюжет әрдайым болады, бірақ, ол музыка немесе абстрактылы кескіндеме өнеріне тән сюжет секілді», – деп есептейді Нұрлан Канетов.

Сонымен қатар, астаналық көрермен қауымның назарына Карина Абдуллинаның музыкасына қойылған «Тағдыр бұлтарыстары» балеті ұсынылады. Композитор көне таро картасына қарап, балет қою жайлы ойға келеді. Оның сарыны мен музыкасы, тіпті, либреттосы осы көне карталардан дем алып жазылды. Пешенеңе жазылған тағдыр мен дербес таңдау жасау туралы тақырып жиырма сахнамен баяндалып, хореограф Мукарам Авахридің дарынының арқасында пластикалық келбетіне ие болды.

«Карина Абдуллинаның идеясы маған ә дегеннен ұнап, ол маған шығарған музыка үзінділерін жіберген кезде-ақ, әр сахнаның музыкасы өздігінен басы бүтін шығарма екеніне көзім жетіп, оларды бір драматургиялық тізбекпен байланыстыру қиынға соғарын түсінген едім. Сірә, бұл туындыны сюжетсіз балеттер қатарына жатқызуға болмас. Сюжет бар, ол осы бейнелерде жасырынған, олар өз әлемін суреттейді: әрқайсымыздың бойымызда осы бейнелердің біреуі, бәлкім, бірнешеуі өмір сүретіні анық», – деген ойымен бөлісті Мукарам Авахри.

Хореограф музыканың соңынан ілесіп, бидің түрлі стильдерін еркін қолданады. Айталық, Шайтан – хабанера биін билесе, Ажал танго, ал, Ғашықтар вальс билеп, «Сот» сахнасында әртістер лезгинка ырғағымен қимылдайды. Оның сарыны музыкадан айқын естіледі. Музыкада көпшіліктің құлағында жүрген таныс әуендер өте көп. Бәлкім, сондықтан болар, көрермен қауым бұл балетті жылы қабылдады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.