12-13 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Георгий Ковтун қойған «Вальпургиев түні» қайта көрсетіледі. Ежелгі Грекия мифтері тірілетін бір актілі балет пластикалық тілі, көркем музыка мен айтулы сценографиясымен дараланып тұр.
Георгий Ковтун Ресей мен Украинаның, атап айтқанда, Мариинский және Михайловский театрлары, сонымен бірге, А.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясына арнап 300-ден астам балет пен хореографиялық нөмірлер қойған.
«Балет өнері қайта өрлеу дәуірімен тығыз байланысты, Ежелгі Грекиядан бастау алады. Сол себепті, бұл театр да Ежелгі Грекиядан басталса екен, деп ойладым. Себебі, «Вальпургиев түні» - 2017 жылы театрдың жаңа сахнасында қойылған спектакль ғой», - деп атап өтті хореограф Георгий Ковтун.
«Вальпургиев түні» классикалық балет дәстүрімен қойылған туынды. Хореографтың айтуынша, қойылымда негізінен әрекетке мән берілген, сахнадағы оқиғалар бірінің ізін бірі алады. Тамсандыратын секірістер мен пируэттерден тұратын хореография акробаттық тәсілдермен күрделендіріліп, цирк трюктеріне де жақындай түскен. Себебі, кей сахналарда кейіпкерлер тура мағынасында самғайды.
«Спектакль сценографиясында ертегі стилистикасы басым. Декоры бай, түрлі бұйымдары мол. Бояуы қанық ерекше кейіпкерлер көп – Дионис, Загрей, Менада, нимфалар, вакханкалар, купидондар. Бұл кейіпкерлерді бейнелеу үшін әдемі костюмдерден бөлек, әртістердің бет-әлпетін түбегейлі өзгертетін грим керек», - деп атап өтті, директордың техникалық бөлім бойынша орынбасары Дүйсенбай Мұсабеков.
Кеш барысында шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Астана Балет» театры үшін 2016 жылы арнайы қойған «GAIA» бір актілі балеті де көрсетіледі. Неоклассикалық мәнерде жасалған балет барысында көрермен қауым табиғи құбылыстардың күрделі, дегенмен, ынтызарлығыңды оятар әлеміне шомады. Gaia – Жер шары жайлы заманауи хореография тілімен баяндалған, жарқын әрі көңіліңді жадыратар оқиға.
Іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіледі.