«Астана Балет» Х мерейтойлық театр маусымы ашылмақшы. Жуырда театр ұжымы демалыстан оралып, қыркүйек айында әртістер сүйікті көрермендеріне өнерін паш етпек. Уақыт тығыз болғандықтан, жұмыс қауырт. Астаналық көрерменнің көзайымына айналған спектакльдердің репетициясымен қатар, жаңа маусымда көрермен назарына ұсынылатын тың қойылымдар бойынша да жұмыс жүргізілуде.
Премьерасы өткен маусымда өтіп, айтулы оқиғаға айналған «Жібек жолы» спектаклі хореография өнеріне тәнті қауымның назарына 9-10 қыркүйекте ұсынылатын болады. Либретто авторы Бақыт Қайырбеков, ал, хореографы Мукарам Авахри. Балет авторлары түрлі өркениеттер өзара сабақтасып жатқан Ұлы Жібек жолының бойымен саяхаттауға шақырады. Осы балет қойылымы жайлы идеяны Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жүзеге асырды.
«Жібек жолы тақырыбы берекелі, сарқылмас қазына. Елітіп әкететін Шығыс тақырыбы өзімнің болмысыма да етене жақын. Біздің қойылымда нақты бір кезең суреттелмейді, себебі, музыка мен би – уақыттан тыс құбылыс. Музыканың тылсым күші, көркем әрі сүбелі бейнелер, ықшам сахна декорациялары мен қойылымның түпкі ойын ашуға сеп болған дарынды әртістеріміз – театрымыздың жаңа маусымының шымылдығын түреді. Бұл – танымдық мазмұны басым спектакль, сондықтан болар, өз басым үшін өте қымбат», – деген ойымен бөлісті Мукарам Авахри.
Балет спектаклін шығаруға дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңріген қайраткері Бақыт Қайырбеков, композиторлар – Ренат Ғайсин, Арман Амар, Владимир Иванофф пен Омар Фарук Текбилек, балетмейстердің ассистенті - Айжан Жүнісова, костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.
Көрермен қауым «Жібек жолы» балетін зор қошеметпен қабылдап, жылы ықыласын білдіріп жатты.
«Неткен ғаламат! Осыншалықты көркем дүние шыққаны көңіліме жағып тұр. Хореографиясы да, сахнаның безендірілуі де өте сәтті шыққан. Қай жағынан алып қарасаң да терең туынды. Мен үшін Жібек жолы жай ғана тарих, мәдениет, сауда-саттық жолы ғана емес, бұл – біздің қазіргі қарым-қатынасымыздың да, болашағымыздың да көрінісі», – деген ойымен бқлісті, Қазақстандағы Чех Республикасының Елшісі Рудольф Гикл.
«Тамыры тереңде жатқан тарихымыздан сыр шертіп, осы күнге дейінгі кезеңді суреттейтін Жібек жолы тақырыбы біз үшін әрдайым қызықты әрі құнды. Менің ойымша, бұл туынды балет өнеріне қосылған сүбелі үлес», – деп атап өтті, «Роза Бағыланова атындағы Қазақкоцерт» директоры Ақтоты Райымқұлова.
Айта кетейік, таяу күндері отандық телеарналардан «Жібек жолы» балетінің теленұсқасын тамашалай аласыз. Теленұсқаның режиссері Тахир Әлиев.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.