28-қазанда «Астана Балет» театрының сахнасында Броннаядағы театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Константин Богомоловпен паблик-ток өтеді.
Константин Богомоловпен паблик-ток Броннаядағы театрдың Ресей аумағынан тыс жердегі алғашқы гастрольдік сапарының аясында өтеді. Бұл шараға қатысушылар спикерден «кеңестік триллер» сынды спектакль жанры туралы, жалпы, КСРО дәуірі тақырып ретінде неліктен өзекті болып тұрғаны жайлы және қойылымның пайда болуы туралы сұрап-біле алады.
Аталған кездесу «Астана Балет» театрының сахнасында көрсетілетін Саша Денисованың «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклінің премьерасына орай өткізілмекші. Бұл туынды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өткізіліп отырған ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week халықаралық театр фестивалінің барысында, қазан айының 28, 29, 30 күндері көрсетіледі.
Саша Денисова қойған «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклі – бір қарағанда жеңіл, ойнақы, ирониялық көрінетін туындыдан қазіргі заманғы терең антиутопияға айналады. Толя Дудочкин – қарапайым кеңес азаматы. Ол адамдардың күйбең тіршілігіне, үмітсіз өміріне налиды. Сондықтан, ымырт үйіріле қара бетпердесі мен плащын киіп, ескі «Жигулиіне» мініп, әділдік орнату мақсатымен түнгі қаланы күзетеді.
«Біз 2021 жылы ерекше сұранысқа ие болып, көрермен көңілінен шыққан, режиссер Саша Денисованың «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклін Қазақстанда үш мәрте көрсетуді жоспарлап отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы бірегей туындымызды тиісінше бағалайды деген үміттемін. Қазан айының соңында көрермен қауыммен қауышар сәтті асыға күтеміз!», - деген ойымен бөлісті, Броннаядағы театрдың директоры Елена Мироненко.
Спектакльге қатысатындар: Сергей Епишев, Ольга Лапшина, Мария Шумакова, Лина Миримская, Александра Виноградова, Лина Веселкина, Андрей Субботин, Сергей Кизас, Дмитрий Гурьянов, Дмитрий Варшавский, Александр Никулин, Владимир Яворский, Дмитрий Цурский.
Спектакльдің басталуы: 28, 29 қазан, сағат 19:30 және 30-қазан, сағат 18:00 – Нұр-Сұлтан, «Астана Балет» театры.