07/06/2019

Елордада «Eurasian Dance Festival» III Халықаралық балет өнерінің фестивалін шымылдығын ашты

Жаз маусымының көптен күткен уақиғасы - «Eurasian Dance Festival» Халықаралық балет өнерінің фестивалі «Астана Балет» Театрының сахнасында шымылдығын ашты. Биыл да «Eurasian Dance Festival» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, еуразиялық мәдениет идеясын ту етіп көтерді. Фестиваль ауқымын жыл өткен сайын жаңа әлемдік би кеңістігін қамтыған бағдарламасынан-ақ аңғаруға болады.

Қысқа ғана жылнамасын парақтар болсақ, фестиваль өз көрерменін біршама ұжымдармен табыстыра алды, солардың қатарында, Оңтүстік Кореялық заманауи би ұжымы, Словения Ұлттық театры, америкалық заманауи би труппасы, испаниялық Castro Romero Flamenco, Бейжің Ұлттық балеті мен әлемнің өзге де айтулы ұжымдары бар. Көрермен қауым Ханс ван Манен, Юрий Григорович, Милко Шпаремблек, Начо Дауто, Охада Нахарин сынды балетмейстерлердің туындыларымен қауышып, испаниялық фламенко, қытай хореографиясының классикасымен, қазіргі хореографтармен таныса алды.

«Фестивальге қатысушыларды іріктеген кезде, біз, ең әуелі, орындаушылардың кәсіби деңгейіне мән береміз. Репертуарымен танысып, біздің көрерменнің ынтызарлығын оятар дүниелерді таңдаймыз. Ал, көрермен талғамы жыл өткен сайын биіктеп жатқанын ескеруіміз қажет. Сол себепті, біздің мақсат сауық-сайран емес, көрермен талғамын өсіру, оны классикалық, заманауи және халық билерінің жауһарларымен қауыштыру» - дейді, фестивальдің атқарушы директоры Жәнібек Қайыр.

Биыл-дағы фестиваль бағдарламасы мазмұнды. Фестиваль аясында Прага ұлттық театры үш абстрактылы балеттен тұратын «Славян темпераменті» бағдарламасын; JIBC жапон халықаралық балет компаниясы ХХ ғасырдың үздік бишісі Владимир Малахов қойған «Пері» балеті мен жапон хореографы Тору Симазакидің адам тәнін кері есеп жүргізудің түпкі нүсктесі ретінде қарастыратын қойылымын; Мариин театрының премьерлері Игорь Колб, Данил Корсуненко мен Евгений Иванченко «Dance,dance,dance» бағдарламасын паш етіп; 70 жыл бойы Украинаны шет елдерде әйгілеп тұрған П.Вирский атындағы Ұлттық би ансамблі халық биінің ғаламатын танытады.

Атап өтерлігі, фестиваль тек шет елдік хореография ұжымдарын ғана таныстырып қоймай, отандық театрлардың жетістіктерімен де бөлісуді мұрат еткен.

«Астана Балет» Театры фестивальді – неміс хореографы Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» және отандық хореограф Мукарам Авахридің «Саломея» атты екі жаңа туындысымен ашты. Адам табиғатының қалтарыстарына бойлайтын қос спектакль де көрерменді ерекше толқытты. Әртістер мен хореографтарға қошеметін білдірген көрермен қауым оларды ұзақ уақыт сахнадан босатпады. Өйткені, осы екі туынды мінсіз пластикалық өрнегімен ғана емес, адам санасына ой қосатын, болмысының құпияларына қарай үңіліп, бір сәт ой толғандыратын ғаламат дүние.

Алда тағы бір премьер болады. Астана Опера театры фестиваль аясында, Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған, дәстүрлі классикалық балеттің биік үлгісі саналатын, А. Аданның «Жизель» атты романтикалық балетін паш етеді.

«Eurasian Dance Festіval» балет өнерінің фестивалі әлі талай ғаламат қойылымдар мен ұмытылмас күй сыйламақ!