24-30 маусым аралығында «Астана Балет» театрында «Eurasian Dance Festival» ІІ Халықаралық балет өнерінің фестивалі өтеді. Бұл фестиваль балет әлеміндегі маңызды шараның біріне айналды. Аталған балет фестивалі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорданың 20 жылдығы аясында және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының негізгі мақсат-міндеттерін жүзеге асыру мақсатында өткізілмек.
Астанадағы Еуразиялық балет фестивалі әлемдік балет жұлдыздары үшін де, жас дарындар үшін де дәстүрлі әрі қызықты шараға айналды. Балет өнеріндегі заманауи бағыттар мен түрлі стильдерде жұмыс істейтін қазіргі балетмейстерлердің ізденістері елордамызда тоғыспақ.
Фестиваль қатысушылары мен көрермен қауым классикалық қойылымдармен қатар, балет өнерінің дамуындағы тың тенденциялармен де таныса алады. Фестивальге Қытай ұлттық балетінің балет труппасы, Испанияның аңызға айналған «Castro Romero» ұжымы, Голландия ұлттық балеті, Португалия ұлттық балеті, Словения ұлттық балеті, «Астана Опера», Абай атындағы МАОБТ, «Астана Балет» театрының ұжымдары мен Үлкен театр (Ресей) солистері қатысады.
Сонымен қатар, фестиваль аясында «Астана Балет» театрының сахнасында тұңғыш рет әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті өтпекші. Оған, осы кешке арнайы шақырылған, әлемнің үздік театрларының әйгілі әртістері қатысады:
Иван Васильев – Михайлов театры, Санкт-Петербор,
Анастасия Сташкевич – Үлкен театр, Мәскеу,
Фридеман Фогель мен Мария Эйхвальд – Штутгарт мемлекеттік балеті,
Майя Махатели (Голландия ұлттық балеті)
Филиппа де Кастро мен Карлос Пинильос – Португалия ұлттық балеті,
Бақтияр Адамжан, Мадина Баспаева мен Еркін Рахматулаев – Astana Opera, Фархад Буриев, Риза Канатқызы – Астана Балет.
Танымал балет шеберлерінің гала-концертінің бағдарламасына заманауи хореографтардың нөмірлері, ХХ ғасырдағы әйгілі балеттердің үзінділері, сонымен қатар, әлемдік классикалық хореографияның жауһарына айналған дуэттер мен сололар енген.