Қараша айының 9 мен 10 күндері Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» атты балеті «Астана Балет» сахнасында қайта көрсетілмекші. Спектакльді - қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі оркестр сүйемелдейді.
Басты партияларды Театр солисттері орындайды: Фархат Бөриев, Илья Манаенков, Айнұр Әбілғазина, Анар Дүкиева, Дарина Қайрашева және т.б Бас балетмейстердің айтуынша, әр актер рөлді өзінше сомдаған. Олар өз кейіпкерлерін тың бояулармен көркемдеп, терең, сан-қатпарлы сезім иірімдерін сахнаға алып шығады.
Махаббат, жанқиярлық пен парыз жайлы эпикалық драма 1961 жылдан бері Мариин мен Үлкен театр, Стамбұл опера театры мен Париж ұлттық театрының сахнасында қойылып келді.
Нұр-Сұлтандағы премьера биыл жазда өтті. Көп ұзамай, Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында спектакльдің алғашқы шет елдік көрсетілімі өткен болатын. Қазақстандық әртістердің орындауындағы балетті сыншылар жылы қабылдап, кейіпкерлердің терең эмоционалды өрнегіне, кордебалеттің үйлесімді әрі мінсіз қимылдарына тәнті болғаны бар. Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая орасан жұмыс атқарды. Олар маэстроның үздік туындыларын Ресей, Қазақстан, Қытай, Корея, Бельгия және өзге де елдердің театрларында сахналап келеді.
«Махаббат туралы аңыз» - «Астана Балет» Театрының репертуарындағы көпшілік сахналары мол спектакльдердің бірі. Оған шамамен 70-ге тарта әртіс қатысады, арасында Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектері де бар. Олардың көпшілігі үшін бұл спектакль етене таныс: премьерадан соң, олар театр труппасына жұмысқа шақырылды.
«Астана Балеттегі» премьераға арнап Мәскеу мен Нұр-Сұлтанда тарихи паспорт пен эскиздерге сәйкес декорация мен костюмдер әзірленді. Сахнаны безендірудің ықшам суретіне сәйкес, ашық тұрған кітап іспетті декорацияның ішінен әртістер сахнаға шығады. Оқиға ширыққан сайын, кітап парақтары да аударылып, тиісті оқиға орнын суреттейді: Шырын ложасы, сарай қасбеті, тау бөктері.
Сюжет бойынша, патшайым Мехменэ Бану дертке шалдыққан сіңілісі Шырынды аман алып қалу үшін, сұлу көркін тәрк еткен. Осыншалықты жанқиярлық әрекеті өзі үшін зор қасіретке айналарын қайдан білсін? Бозбала Фархат апалы-сіңілінің қайсысын таңдайды, махаббат үшбұрышын бұзу мүмкін бе, деген сынды сұрақтардың жауабын қарашаның 9 мен 10 күндері «Астана Балет» Театрында өтетін спектакльден ала аласыз.
Спектакльдердің басталуы, кешкі сағат 18:00.