«Астана Балет» театрының басшылығы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының сыртқы байланыс және маркетинг бөлімі директорының орынбасары Александр Совостьянов тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырды.
«Театр жетістігі қойылымдарымен ғана емес, дұрыс менеджментіне де тәуелді», - деді министр басшысы, жаңа директорды таныстыра отырып.
Айта кетейік, Александр Совостьянов «Астана Опера» театры директорының орынбасары қызметіне 2013 жылдың мамырында тағайындалды. Әр жылдары ол «Нұр Медиа» медиаөхолдингінде, «Эра ТВ» телекомпаниясында (Жетінші арна), «Астана» телеарнасына қарасты «РДВ» жетекшісі қызметтерін атқарған.
2015 жылдың қаңтарынан «Астана Балет» балет компаниясының директоры қызметін атқарып келген Валерий Күзембаев директордың жалпы мәселелер бойынша орынбасары болып бекітілді. Естеріңізге сала кетейік, ол 2013 жылдан «Астана Балет» театрының сыртқы байланыс менеджері, бір жылдан кейін, директордың кеңесшісі болып тағайындалған болатын. Көп жылдар бойы Қазақ КСР (1979-1987 жж.) және Қазақстан Республикасы (2003-2007 жж.) Мәдениет министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан музыка қайраткерлері одағының мүшесі. Валерий Күзембаевтың мәдениет саласындағы еңбек жолының басталғанына жарты ғасырдан асты. Мәдениет және спорт министрі оның «Астана Балет» театрының қалыптасып, дамуына тигізген әсерін жоғары бағалады.