Қазанның 4 мен 5 күндері «Астана Балет» Театрында америка балетінің кеші өтіп, биылғы маусымның алғашқы премьерасы – Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» атты бір актілі балеті көрсетілген болатын. Балетті қойған маэстроның шәкірті – Нанетт Глушак. Премьераға дайындалу үшін, ол ел астанасына үш апта бұрын келген. Хореографтың айтуынша, әртістер небары төрт күннің ішінде хореографиялық мәтінді меңгеріп алды.
«Балетті осыншалықты қысқа мерзім ішінде меңгері – мен үшін жаңалық. Сондықтан, француздар айтпақшы: шляпамды шешемін, сіздерше: басымды иемін», – дейді Нанетт Глушак.
Екінші және үшінші бөлімде көрермен қауым, театр репертуарындағы туындыларды тамашалады: Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Николо Фонте «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары».
«Кончерто Бароккодағы» Бахтың музыкасы жайлы айтсақ, бишінің әр қимылы туындының әр нотасына сәйкес келеді. Ал, «Серенададағы» Чайквоскийдің музыкасы әмбеге аян. Көрермен құлағы үйренген туындыны біз өзгеше қырынан танытуға күш саламыз», - деген ойын білдірді қоюшы-дирижер Арман Оразғалиев.
«Кончерто Барокко» балеті «музыканы көріп, биді есту» тезисіне толық жауап береді. Екі солист - Татьяна Тен мен Назерке Аймұхаметова, оркестрдің жетекші скрипкаларын сипаттағандай. Олардың әуеніне корифей елітіп, Бахтың музыка иірімдерін би комбинациялары арқылы танытты. Балеттегі жалғыз ер партиясын Фархат Бөриев орындады. Ол сахнада скрипканы ойнатқан өнерлі музыканттың бейнесін сомдады.
«Алғашқы күні әртістерге – осы балеттен соң, көз жұмасыңдар, деген едім. Олар тоқтамай билеп, аяғында, шаршағандықтан, еденге жантайып жата қалатын. Бірақ, қазір осының арқасында әлденеше есе күш жинады. Естеріңізде болсын, осы ғаламатты шығаруға үш аптадан кем уақыт бөлінген. Өз басым, таңырқап тұрмын», - дейді Нанетт Глушак.
Қоюшы-хореографтың айтуынша, сырт көзге қарапайым көрінер балетті техникалық тұрғыдан өте күрделі. Декорациясы жоқ сахнада әртістер жиырма минут бойы үздіксіз би билеп, бір сәт те қимылсыз қалмайды. Хореографиясының өзі қателік жасауға жол бермейді: қимыл, орын ауыстыру, топтасып билеу сынды қимылдар мінсіз үйлесім мен синхрондықты талап етеді. Әртістер осы талаптың үдесінен шықты.
Астаналық көрермен жаңа қойылымға қошеметін білдіріп жатты. Ал, спектакль аяқталған соң, театр фойесінде «Астана Балеттің» жетекші солисттері қолтаңбаларын таратып, көрерменімен жүздесті.
«Кончерто Барокко» премьерасы Баланчин қорымен бірлесе отырып қойылған әрі хореографтың стилі мен техникасының стандарттарына сай жасалған.