Өткен жексенбі күні «Астана Балет» театрының Алматыдағы гастролі аяқталды. Астаналық театр Абай атындағы МАОБТ сахнасында ақпанның 19-23 күндері өнер көрсеткен болатын. Төрт күндік гастроль өте сәтті өтті: сұраныс ерекше болғандықтан, қосымша билет сатылып, балет труппасының өнері көрермен тарапынан зор қошеметпен қабылданып отырды.
Гастроль шымылдығы «Astana Ballet presents» концерттік бағдарламасымен ашылды. Ол театр репертуарындағы неоклассикалық мәнердегі үш бір актілі балеттен құралған. Оның екеуі – «Астана Балет» театры үшін арнайы қойылған, Германия мен Американың заманауи хореографтарының туындылары: Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» және Николо Фонтенің «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары». Сонымен бірге, сол кеште алматылықтардың алдында тұңғыш рет, Джордж Баланчиннің И.Бах музыкасына шығарған – «Кончерто Барокко» балеті көрсетілді.
Театрдың бас балетмейстерінің айтуынша, сырт көзге қарапайым көрінгенімен, «Кончерто Барокко» хореографиясы күрделі техникасымен ерекшеленеді. Сол себепті, қойылымға дайындық барысында әртістер көптеген нюанстарды ескеруі тиіс болған.
«Репертуарымызда Баланчин қорының атынан орындау құқы берілген екі спектакль барын мақтаныш тұтамыз. Бұл - «Серенада» мен «Кончерто Барокко» балеті. Қор хореограф мұрасына ерекше ыждаһатпен қарап, труппаның, жалпы, театрдың деңгейіне белгілі бір талап қояды. Болашақта репертуарымыз Баланчиннің тағы бір туындысымен толыспақ: «Қазына» балетінің үзіндісі - «Лағыл», - деді МукарамАвахри.
Неоклассикалық бағдарлама көрермен қауым, балет сыншылары, хореографтар мен өнер адамдары тарапынан зор қошеметпен қабылданды.
«Бұған жарнаманың керегі жоқ, себебі, бұл - Баланчин. Осы уақыт аралығында труппаның едәуір өскені қуантады. Бұл әртістердің, ұстаздардың, театрдың көркемдік жетекшілігінің ерен еңбегінің арқасы. Бәрі мінсіз. Басқаша айта алмайсың. Себебі, Баланчин туындыларын билеу өте қиын. Ал, көрермен көңілінен шығатындай етіп билеу тіпті қиын. Дегенмен, бұл – әртістердің қолынан келді», - деген ойымен бөлісті, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі Мальбеков Эдурад.
«Сөз жоқ, бұл – еліміздің театр әлеміндегі елеулі оқиға. «Астана Балет» театрының кәсіби біліктілігі жыл сайын артып келеді. Осы минималистік қойылымдарда көрерменге әсер ету тәсілдері некен-саяқ, дегенмен ең бастысы - бай хореография, батылдық пен табандылық бар», - деген пікірін білдірді, Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова.
Ал, ақпанның 21, 22 және 23 күндері «Астана Балет» жетекші солисттері Татьяна Тен, Қазбек Ахмедияров, Айжан Мұқатова, Назерке Аймұхаметова, Сүндет Сұлтанов пен Аңсаған Көбентай, әлемдегі ең танымал ертегі – «Күлше қыз» жайлы баяндап берді.
Екі көріністі балетті хореограф Надежда Калинина «Астана Балет» театрына арнап қойған. Сергей Прокофьевтің ғажап музыкасын қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың басқаруындағы симфониялық оркестр орындап шықты.
«Былтыр, желтоқсан айында «Күлше қызды» «Астана Балет» сахнасында ойнап шықтық. Бұл – Қазақстандағы нағыз үлкен премьера болды, себебі, бұған дейін балеттің толық нұсқасы орындалған емес. Шынын айтқанда, бұл оркестр үшін күрделі партитура саналады», - деді, Арман Оразғалиев.
«Күлше қыз» - театр репертуарындағы ең көлемді спектакль. Сценография, жарықпен безендіру, бейнепроекция – бәрі де, сахна өнерінің соны үлгілері бойынша жасалды.
Қойылымға театрдың балет труппасы, сонымен бірге, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары қатысты.
«Астана Балет» спектакльдері өте әсерлі. Қарап отырып, мәдени көкжиегің кеңее түседі. Осындай ғажайып қойылым үшін алғысым шексіз», - деген ойын білдірді актер әрі сценарист Дәуіт Шайхисламов.
«Гастроліміз сәтті өтті. «Астана Балет» театры деген бренд танымал әрі сұранысқа ие екеніне тағы бір көзіміз жетіп отыр. Ең бастысы, біздің әртістеріміз, ұстаздарымыз бен әкімшілік, осымен тоқтап қалмай, жаңа белестерді бағындыру керегін түсініп отыр», - деп түйіндеді сөзін театр директоры Александр Совостьянов.
«Астана Балет» театры алматылық көрермен үшін біршама таныс ұжым. Жыл аралатып, театр ұжымы алматылық көрермен назарына өзінің үздік премьералары мен тың қойылымдарын көрсетіп отырады. Айталық, Абай атындағы МАОБТ сахнасында «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахридің – «Жусан» және «Саломея», Уильям Форсайттың «In The Middle Somewhat Elevated», Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті және өзге де қойылымдар көрсетілген болатын.
Орайы келгенде айта кетейік, 29-ақпанда елорда тұрғындары мен қонақтары «Астана Балет» театрының сахнасында «Astana Ballet presents» бағдарламасын тамашалай алады.