30/05/2022

«Астана Балет» театрының Алматыдағы гастролі сәтті аяқталды

Өткен сенбіде «Астана Балет» театрының Алматыдағы гастролі аяқталды. 6-28 мамыр аралығында елордалық театр әртістері жаңа көпсалалы «Almaty Theatre» сахнасында өнер көрсетті. Көрермен залында ине шаншыр орын болмады. Әртістерге зор қошемет танытқан көрермен қауым, астаналық ұжымның гастрольдік бағдарламасы мен шеберлігіне тәнті болды.

Алматылық көрермен «Астана Балет» театрының репертуарындағы үздік спектакльдерді тамашалауға мүмкіндік алды: неоклассика жауһарына баланатын «Серенада» Дж. Баланчин; Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары»; алғаш рет театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балет-эпосы; Хамит Шаңғалиев пен Әлбек Әлпиевтің музыкасына Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» балеті. Сонымен қатар, театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің «Алматыма арнау» атты концерті өтіп, халықаралық байқаулардың лауреаты, Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева солист ретінде өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасымен гастроль шымылдығы жабылды. Концерттік бағдарлама «HasSak» этно-фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен өтті.

«Алматыға алғаш келіп отырған жоқпыз. Бірақ, келген сайын, өзімізді бейне бір сынақтан өткелі тұрғандай сезінеміз. Жаңа «Almaty Theatre» сахнасын ашу құрметі бізге бұйырғанын мақтан тұтамыз. Алматылық талғампаз көрерменнің назарына қандай репертуарды көрсеткен жөн, деген сұрақ төңірегінде ұзақ пікірлестік. Біз ұсынған афиша Алматы көрермені үшін «Астана Балет» театрын әр қырынан көрсетті деген ойдамыз. Біз көңіл тебірентер балет қойылымдарын көрсетіп қана қоймай, құлақ құрышын қандырар классикалық музыканы да орындауды жөн көрдік», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.

«Театрымыздың әртістері келген сайын, Алматылық көрермен зор ілтипатын танытып, көрсетілім билеттерін алдын-ала сатып алады. Бұл жолы бір айға жуық уақыт осында болдық. Біз ұлттық және заманауи хореографияның үздік үлгілерін паш еттік. Алматылық көрерменге мың алғыс. Бізді құшақ жая қарсы алып, әр қойылымымызды ыстық ықыласпен қабылдап, бізге қосымша шабыт дарынқандарын ерекше атап өткім келеді», - деген пікір білдірді, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

«Өз басым, «Астана Балет» театрының шығармашылығын ерекше қастерлеймін. Жаңа «Almaty Theatre» шымылдығын ашу құрметі осы театрға бұйырғанына қуаныштымын. Меніңше, бұл – өз контентін шығаруға күш салып келе жатқан еліміздегі бірден-бір театр. «Мәдени бренд» деген ұғым жайлы айтар болсақ, халықаралық деңгейде насихаттауды қажет ететін нағыз мәдени бренд осы. Алматыдағы театрдың ашылуына қатысты пікір алмасқанда, жаңа сахна шымылдығын тап осы қазақстандық бренд ашуы тиіс деген тоқтамға келдік», - деді «Almaty Theatre» арт-директоры Динара Амангелдина.

Гастрольдік афишаны көрермен қауым, балет сыншылары, хореографтар мен өнерсүйер қауым жылы қабылдады.

 «Кәсіби біліктілігі бірден көзге ұрып тұр: әртістердің қимыл-қозғалысы, жарық, музыка, арнайы әсерлер, декорациялар. Костюмдер де көз жауын алады. Браво! Бұл көрсетілімнен ерекше ләззат алдық», - деген ойын білдірді Әйгерім Бүгібаева есімді көрермен.

«Сөзбен айтып жеткізгісіз! Осы күнді тағатсыздана күтіп едім. Алдыңғы план мен артқы планда бір мезгілде бірнеше эпизод орындалғанына тәнті болдым. Оркестрге де мың алғыс! Осы қойылымнан керемет шабыт алдым», - деді Әйгерім Төреқұлова.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.