«Астана Балет» театрының Өскемен қаласындағы гастролі сәтті өтті. 8 қыркүйекте «Ертіс» концерт залының сахнасында оркестр әртістері «Barocco» камералық музыка кешін, ал 9 қыркүйекте – дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестрдің «Music Tour» концертін өткізді. Қала тұрғындары дарынды әртістерді құшақ жая қарсы алып, музыка кешінен ләззат алды.
«Сөз жоқ, театрымыздың гастролі қаланың мәдени тынысындағы зор құбылысқа айналды. Бізді жылы қабылдаған Өскемен қаласының тұрғындарына алғысымыз шексіз! Бізге сіздердің ыстық ықыласыңыздан артық марапат жоқ. әртістеріміздің кәсіби біліктілігі мен табиғи дарынына тағы бір куә болдық. Біз өнерге жан-тәнімізбен берілгенбіз. Сондықтан болар, «Астана Балет» әртістерінің еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, өнерсүйер қауымның басын біріктіріп жатқаны көңілімізге медеу», – деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.
Гастрольдік бағдарламаның алғашқы күні «Barocco» камералық музыка кеші өтті. Бағдарлама аясында сол дәуір композиторларының шығармалары орындалды: «Канон», И.Пахельбель; «Гобой мен оркестрге арналған концерт», А.Марчелло; «Ішекті аспаптар оркестріне арналған No3 сюита: «Ария», И.С.Бах; «No2 сюита: «Менуэт, Шутка», И.С.Бах; «2 виолончельге арналған концерт», А.Вивальди; «Concerto grosso», А.Вивальди. Оркестр әртістері орындаушылықтың жоғары техникасы мен шығармашылық даралықты паш етіп, барокко дәуірінің атмосферасын жаңғыртқандай әсерде болдық.
«Өскемен тұрғындары бізді құшақ жая қарсы алып, ыстық ықыласын білдіргені көңілімізге медеу. Екі күндік гастроль барысында көрермен қауымның энергетикасын сезіндік. Біздің мақсатымыз – көрермен жүрегіне бойлап, шабыт сыйлау. Біздің музыкамыз осы мақсатына жеткеніне куә болдық. Әр шығарманы орындап болғаннан кейін көрерменнің ду қол шапалақтап, бізге қолдау білдіргені – еңбегіміздің зая кетпегенінің белгісі болар», – дейді дирижер Элмар Бөрібаев.
Гастроль шымылдығы дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің «Music Tour» концертімен жабылды. Көрермен назарына келесі шығармалар ұсынылды: «Азия дауысы», Ә.Бестібаев; «Псковитянка» операсына увертюра, Н.Римский-Корсаков; «Махаббат туралы аңыз» балетінен «Адажио» А.Меликов; «Сорочинск жәрмеңкесі» операсынан «Гопак», М.Мусоргский; «Сатылған қалыңдық» операсынан «Комедианттар биі», Б.Сметана; «Ауыл абыройы» операсынан Intermezzo, П.Масканьи; «Румын рапсодиясы», Дж.Энеску; «Лоэнгрин» операсының 3-актіне антракт, Р.Вагнер; «Ай сәулесі» К.Дебюсси; «Абай» операсынан би, А.Жұбанов және Л. Хамиди.
Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.