16-маусымда «Астана Балет» сахнасында оркестр әртістерінің орындауында «NON classica» бірегей шоу-бағдарламасы өтеді. Бұл концертте джаз және заманауи композициялар өзіндік интерпретацияда орындалып, әлемге әйгілі композициялар тың сарында ұсынылмақшы. Сөйтіп, көрермен қауым сүйікті музыкасын белгісіз қырынан танитын болады.
«Астана Балет» театрының жас оркестрі классикалық туындыларды мінсіз орындауымен аты шыққан. Дегенмен, шығармашылық ізденіс пен музыка туындыларын заман талабына сай өңдеп, концерттің түрлі форматтарын ұсынып, тыңдарманның көкейінен шыққан шығармаларды тың әуенмен орындайды. Олар шығармашылық эксперименттер жасаудан жасқанбайды. Түрлі орындаушылармен ынтымақтасып, сан-алуан бағыттағы музыка шығармаларын орындап келеді.
«Әр концертімізде білгілі бір ойды, құндылықтарды көрермен көкейіне қондыруға тырысамыз. Мысалы, классикалық музыканы орындайтын болсақ, репертуар таңдап, сценарий жазғанда классикалық музыканы алғаш тыңдаған адамның өзі бұл музыкаға құлаш ұруына көңіл бөлеміз. Бұл жолы көрермен қауымға арнап, алдағы демалыс, каникул мен жаздың жайма шуақ кештерін еске түсіріп, көңілін көтеретін бірегей шоу-бағдарлама дайындадық. Тағы бір мақсатымыз тыңдармандарды оркестр мүшелерімен ғана емес, өз көрерменін сезінетін, сахнаға шексіз берілген нағыз әртістермен таныстыру», - деген ойымен бөлісті оркестрдің менеджері Айжан Хайдар.
Кеште орындалатын туындылар: John Kander – «NEW YORK, NEW YORK»; Andrew Lloyd Webber – «The Phantom of the Opera»; Claude Bolling – Suite for Flute & Jazz Piano Trio; Rondo Veneziano - Armonie for oboe & violin; Kim Soo Jin – «B Rossette»; Zequinha de Abréu – «Tico Tico»; Drum Show (дауылпазшылар шоуы), сонымен бірге, оркестр әртістерінің өзіндік өңдеуінен өткен түрлі жанрдағы өзге де шығармалар.
Классикалық музыкадан бойын аулақ ұстайтын жандар үшін симфониялық оркестр – белгісіздік жалмаған дүние ретінде қабылданады. «NON classica» шоуы осы қасаң, таптаурын түсінікті бұзып, әр тыңдарманның музыкадан рухани ләззат алып, бойына қуат дарытып, түрлі сезім толқынына шомуына сеп болмақ.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.