Ұзақ үзілістен кейін, танымал қытайлық хореографтың туындысы қайта көрсетілетін болды. Соңғы рет бұл балет 2018 жылы, Театрдың Минск қаласына гастрольдік сапары барысында көрсетілген еді.
10-11 қарашада «Астана Балет» театрының сахнасында Исян Чжанның «Сағым сәттер» және Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» бір актілі балеттері көрсетіледі. Екі туынды да заманауи пластика мәнерінде жасалып, өзекті балет формалары мен тың стильдің үлгісіне айналды.
Кештің бірінші бөлімінде өнерсүйер қауым Исян Чжанның қазіргі заман композиторлары Макс Рихтер, Доу Вей және Дайсуке Кашиваның музыкасына қойған «Сағым сәттер» балетін тамашалай алады. Қытайлық хореограф балеттің заманауи жанрында жұмыс істейтінімен әйгілі. Дегенмен, қытайлық би өрнегін сақтап отырады. Балет тілінің қазығы – күрделі қимылдарды жасауға мүмкіндік беретін табиғи пластика. Өз хореографиясында қоюшы-балетмейстер қытайдың «у-шу» және «тайчи» гимнастикасының қимылдарын кеңінен қолданады.
Балетмейстер көне қытай фәлсафасына сүйене отырып әйел затына деген құрметін білдіреді. Фәлсафаға сай, әйел табиғаты «инь» ұғымына пара-пар. Әйелдердің болмыс-бітімі сан түрлі, олардың адымын болжау мүмкін емес. Өмір талай сынап, мұңға батырып жатса да, олар өмірге деген құштарлықтан айырылмай, алға қарай қадам басады. Олардың көңіл-күйі де құбылып тұрады. Кейде бұл жылу мен салқынның тоғысуынан пайда болатын тұманды еске түсіреді: жаздың күзге, қыстың көктемге ұласқаны іспетті.
Екінші бөлімде чех хореографы Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» бір актілі балетін тамашалай аласыздар. Балетті сахналаған Стефан Жеромски. Бұл қойылымның басты ерекшелігі – жанды музыкамен сүйелденуінде. Стивен Райхтың Drumming part 1 композициясы – орындалуы күрделі шығармалар қатарынан саналады. Дауылпазшылардың техникасы мінсіз болуы тиіс. Шығарманы театрдың симфониялық оркестрінің ұрмалы аспаптар тобы орындайды.
Хореограф «Жолдан тайғандар» қойылымындағы бишілерді дауылпазшылардың дабылымен сахнаға алып шығады. Бишілердің қимылы дауылпаздың әр соққысынан жаралғандай әсер қалдырып, көрермен өзін бейне бір гипноз ығында кеткендей сезінеді. Бір кезде бишілер құлақ тұнар тыныштықта көрерменге қарай адымдай бастайды. Іле-шала естілген дауылпаз дабылы бишілердің соңынан ілескендей елестеп, сахнада бишілер мен дауылпазшылардың «арпалысына» куә болғандай күй кешесіз.
Килианның өнері интернационалды әрі қазіргі заманға сай: оның туындылары музыка, монохромды эстетика және бишілердің мінсіз қимылымен дараланып тұр. «Астана Балет» әртістері үйреншікті классикадан едәуір алшақтап кеткен «килианның стилін» жете меңгеріп алды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.