Өткен сенбі күні «Астана Балет» театрының Дубайдағы гастрольдік сапарының шымылдығы жабылды. Астаналық театр қазан айының 27-30 күндері Дубай опера сахнасында өнер көрсетіп, көрермен қауымның ықыласына бөленді. Гастрольдік бағдарламаны, әртістердің кәсіби шеберлігін жоғары бағалаған көрермен зор қошеметін білдірді.
«Біз Дубайда өнер көрсетіп, көрермен қауым ілтипат танытып, қошеметін білдірді. Көрермен залында бос орын болмады. Көптен бері осы өңірде өнер көрсетуге талпынғанымыз рас, енді БАӘ жиі келеміз деген үміттеміз. 9 жыл ішінде жинақталған театр репертуары Біріккен Араб Әмірліктері тұрғындарының қызығушылығын оятып, мәдениеттердің тоғысуы, әлдебір рухани үндестікке ұласарына сенімдіміз. Әртістерге, осы турды ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осы сахнада әлі талай өнер көрсетеміз. Бұған сенім мол», - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Талғамы биік өнер сүйер қауымның назарына Шығыстың ғажайып сұлулығын паш ететін хореографиялық туындылар тарту етілді: аңызға айналған «Махаббат туралы аңыз» спектаклі мен «Бейбарыс сұлтан» балеті.
«Астана Балет» театры гастроль шымылдығын Ариф Меликов музыкасына Юрий Григорович қойған үш көріністі «Махаббат туралы аңыз» балетімен ашты. Сюжет – көне шығыс аңызына негізделген. Спектакль нәзік, тамсандырар пластикалық иірімдерден құралған бірегей хореография, сюжет желісі, ғажайып көпшілік сахналар мен сезімге толы дуэттерімен таң қалдырады. Алғаш рет бұл спектакль Мариинский, ал, кейін Үлкен театр сахнасында көрсетілген болатын.
Әр күні басты партияларды орындағандар: Мехмене Бану – Айнұр Әбілғазина; Фархат Илья Манаенков; Шырын – Назерке Аймұхаметова; Уәзір – Бауыржан Мекембаев.
Қазан айының 29-30 күндері көрермен назарына «Бейбарыс сұлтан» спектаклі ұсынылды. Мысыр мен Сирияның әйгілі билеушісі Бейбарыс сұлтан туралы спектакльдің қойылымына дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: қоюшы-хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри, композиторлар – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков.
Ғажайып көпшілік сахналар, кең пішілген, салтанатты костюмдер, орындаушылық шеберлік пен фантазиялық элементтері бар көркемдік құралдар ұштаса келе сахнадағы қойылымның тылсым әсерін еселей түсіп, көрермен қауымды бей-жай қалдырмайды. Премьера 2020 жылдың желтоқсан айында, «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен болатын.
Балеттегі басты партияларды театр солисттері Айдан Қалжан, Фархад Буриев, Уэсли Карвальо, Аяулым Мақұмова, Әлия Айтбаева орындады.
Шериф Шафи, коммуникация бойынша директор: «Мінсіз костюмдер мен көңіліңді баурап әкетер музыка осы ғажайып қойылымның салмағын еселей түсті. Драматургиялық әсері де орасан. Спектакль барысында көңіліміз толқып, мен ғана емес, залдағы отырған көрермен қауымның бәрі ерекше әсер әсер алдық».
Айта кетерлігі, «Астана Балет» театры БАӘ алғаш рет гастрольдік сапармен барды. Бұған дейін қазақстандық ұжым АҚШ, Франция, Италия, Ресей, Қытай, Бельгия мен Жапонияның әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Гастрольдік сапар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 6-қарашада «Астана Балет» театрында «Бір актілі балеттер кеші» өтеді. Кеш барысында ғажайып бір актілі қойылымдарды тамашалай аласыз: Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» балеті, сонымен қатар, арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің екі туындысы – «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss».