2-3 ақпанда хореограф Мукарам Авахри қойған «Ғашықтың тілі тілсіз тіл...» спектаклі қайта көрсетіліп, «Астана Балет» театрының 2024 жылғы жарқын оқиғаларының біріне айналмақ. Сонымен қатар, Исян Чжанның «Сағым сәттер» қойылымы да сахналанады. Бұл балеттер сұлулық пен кемелдікті ту еткен туындылар. Пластикасы, сценографиясы, тақырыбы екі түрлі болғанымен, екеуіне ортақ дүние – тамсану. Бір қойылым әйел затының алдында бас исе, екіншісі – терең поэзиядан ләззат алады.
Кештің бірінші бөлімінде хореография өнеріне тәнті көрермен Ренат Салаватов, Карл Дженкинс және Хамит Шаңғалиевтің музыкасына қойылған «Ғашықтың тілі тілсіз тіл...» бір актілі балетін тамашалайды. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
«Ғашықтың тілі тілсіз тіл...» – Абай поэзиясына арналған жарқын әрі мазмұны фәлсафалық спектакль. Көптеген техникалық тәсілдер, балетмейстерлік табыстар арқылы қоюшы-хореограф қазақ әдебиеті классигінің поэзиясына деген құрметін білдіреді. Балет сегіз вариациядан тұрады: Нұрға бөлену, Сегiз аяқ, Жыл мезгілдері, Көзімнің қарасы, Той бастар, Татьянаның хаты, Ақын мұңы, Желсіз түнде.
«Бұл ұлы Абайдың шығармашылығына, оның терең фәлсафалық ой толғамдарына арналған вариациялар. Бұл биографиялық балет емес. Мен үшін оның әйел көркін, табиғат сұлулығын суреттеген сәттегі күйін бейнелеу әлдеқайда маңызды көрінді. Бұл қойылымнан суреткердің өмір жолын да аңғаруға болады: өзіне қуат берген туған жермен байланысы, әйел затына деген нәзік сезімі, салтанатты сауық-сайраннан алған әсері мен жанына жақын адамды іздеуі, жалғыздықты ұғыну және махаббаттың сарқылмастығы мен шексіздігін түсіну», – деп атап өтті, хореограф Мукарам Авахри.
Екінші бөлімде қытай хореографы Исян Чжанның қазіргі заман композиторлары Макс Рихтер, Доу Вей, Кашива Дайсукенің музыкасына қойған әйгілі «Сағым сәттер» қойылымы көрсетіледі. Балетмейстер көне қытай фәлсафасына сүйене отырып, әйел затына деген құрметін хореография тілі арқылы жеткізеді. Көне ұғым бойынша әйел табиғаты «инь» болмысымен байланыстырылып, жылдың екі мезгілі – күз және қыспен сәйкес келеді. Бәлкім, әйел бойындағы қандай қасиет тәнті етерін шешу өзіне деген оңай болмаса керек: сыртқы көркі әйлде жан сарайының қуаты ма екен? Басына күн туып, қанша қиыншылық көрсе-дағы әйел заты ешқашан қол қусырып отырмайды, керісінше, бар күш-қуатын өмір сүруге сарп етеді.
Біріне-бірі ұқсамайтын қос қойылым да алғашқы сәттен-ақ көңіліңді жаулап алады. Хореографтар Мукарам Авахри мен Исян Чжан сан-алуан, динамикалы әрі көркем хореография лексикасын қолданып, батыл эксперименттер жасап, ғаламат дүние шығарды. Сахнадағы көрініс жүрек төрінен орын алып, осы екі балетті қайта көргенше асығарыңыз анық.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.