22/11/2020

«Астана Балет» театрындағы классикалық бидің триумфы

20-21 қарашада «Астана Балет» сахнасында классикалық балет кеші өтіп, соның аясында, хореограф Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» дивертисментінің премьерасы өтті. Сонымен қатар, көрермен қауым Джордж Баланчиннің «Серенада» бір актілі балеті мен Рикардо Амарантенің «Diversity» балетінің үзіндісін тамашалады.

П.Чайковскийдің музыкасына қойылған «Триумф» Айнұр Әбілғазинаның қойған алғашқы көлемді туындысы. Екі кеш бойы ол хореограф қана емес, солист ретінде де өнер көрсетті.

«Репертуардағы спектакльдердің репетициясына қатысу, қойылым жасау, арасында костюм дизайнының мәселесін талқылау сәл қияндау болды. Бірақ, әртістермен жұмысқа көңілім толды. Оларға менің қойылымым ұнайтынын аңғардым. Ал, мен үшін, олардың өздерін таныта алуы өте маңызды. Атқарылған жұмыс үшін бәріне алғысым шексіз», - дейді Айнұр Әбілғазина.

Осы қойылымда Уэсли Карвальо онымен бірге соло көрсетті. «Айнұр үшін бұл қаншалықты ерекше сәт болғанын білемін. Сондықтан, оған сахнада ғана емес, сахна сыртында да қолдау көрсетуге тырыстым», - дейді «Астана Балет» театрының солисті.

Хореографтың айтуынша, «Триумф» - академиялық би тілінің күшімен классикалық биге жасалған тағзым. Он бес минуттық қойылым барысында өте күрделі демеу мен шыр айналу сынды қимылдар қолданылды. Әртістер тағы да, бидің кез-келген жанрын еркін меңгергенін дәлелдеп шықты. Мейлі, бұл неоклассика, контемпорари, модерн немесе бәрінің тұғыры классика болсын.

«Орыс балеті күллі әлемге әйгілі. Ал, біз Вагановтың оқыту жүйесі арқылы білім аламыз. Айта кетейік, өзге елдермен салыстырғанда біздегі ер адамдардың дайындығы мықты. Осы қойылым арқылы, кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп өскен, бізді тәрбиелеген дүниеге құрметімді білдіргім келді», - дейді Айнұр Әбілғазина.

Дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі оркестрге де көрермен тарапынан  зор қошемет көрсетілді. Олар шығармаларды мінсіз орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Маэстроның айтуынша, Петр Чайковский, Антонио Вивальди, Людвиг Минкус, Александр Глазунов, Сергей Рахманинов, Шарль Гуно мен Камиль Сен-Санс сынды жеті композитордың шығармаларынан құралған бағдарламаны дайындау үшін бір-ақ репетиция жеткілікті болыпты. 

«Айнұрдың көркемдік талғамна көңіл аударғым келеді. Жас хореографтардың көбінің жүрегі дауаламайтын күрделі, полифониялық музыканы таңдауының өзі, соның бір айғағындай. Меніңше, өз хореографиясында ол музыканың көңіл толқынын білдіре алды. Біздің жастарымызды мақтан тұтып, солар үшін қуанамын. Олар қаншалықты дарынды болса, соншалықты өжет», - ҚазҰХА тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Әлила Әлишева.   

«Жас хореограф Айнұр Әбілғазина өз қойылымында классикалық академиялық бидің асқақ салтанатын таныта алды. Өзі де сахнаға шығып, әріптестерінің де жарқын өнер көрсетуіне септігін тигізді. Біздің қыздарымыз бен ұлдарымыздың кәсіби тұрғыдан қаншалықты өскенін көріп, бір жасап қалдым. Браво!», - деді А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің көркемдік жетекшісі Людмила Ли.

Айта кетейік, желтоқсан айында елордалық көрермен жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде көрсетілетін – «Күлше қыз» бен «Шерткіш» балеттерін тамашалай алады.