23/12/2019

«Күлше қыздың» үш аншлагы

Өткен демалыс күндері «Астана Балет» театрында Сергей Прокофьевтың музыкасына қойылған «Күлше қыз» балетінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Үш күн бойы театр сахнасы ғажайыпқа толы болып, көрермен көңілі көкке жетер-жетпес көрінді. Бұл - көптен күтілген премьера. Спектакль көруге ынта-ықылас танытушылардың көптігі соншалық, Күлше қыз әлі талай мәрте би кешіне қатысатыны анық. Тек, қаңтар айында.

Прокофьев балетін, әдетте, адамгершілікті ұлықтаған, балаларға арналған ертегі ретінде қабылдайды. Қазақ сахнасындағы тұңғыш қойылым да осы үдеден шықты. Сюжет негізіне алынған Шарль Перро әңгімесі, шын мәнінде, балет үшін жаралғандай: мұнда ғажайып құбылыстар орын алып, сарайда би кеші өтіп, жақсылық салтанат құрады.

Хореограф Надежда Калинина отбасы түгел бас қосып тамашалайтын, әзіл-әжуасы бар спектакль шығарды. Түрлі би мәнері мен техникадан құралған, балетмейстердің өзіндік қолтаңбасы астаналық көрермен тарапынан ерекше ілтипатпен қабылданды. Сахнаның безендірілуі де ерекше: 3D техникасымен жасалған бейне кескін интерьермен жалғасып, көрерменді шат-шадыман күйге бөледі. Суретші Сергей Новиковтың асқақ қиялы – көлемі жағынан орасан декорацияларды талап етті: кітаптар, әуе шары іспетті күйме, жарқыраған көбелектер; һас ісмерлердің қолынан шыққан әсем костюмдер де, спектакльдің көркемдік шешімінің ажарын аша түсті.

Маэстро Арман Оразғалиевтың басқаруындағы оркестр де сиқырлы-ғажайып, мерекелік әуенді әуелетіп әкетіп, өте күрделі әрі жұмбаққа толы партитураны толық меңгергенін танытты.

«Күлше қыз» балеті сан-алуан бейнелерге де бай. Татьяна Тен мен Назерке Аймұхаметованың орындауындағы бас кейіпкер – жер бетінде жоқ, құбылмалы жаратылыс иесі. Балериналар спектакль барысында сахнадан бір елі кетпей, бүкіл вариацияларды асқан шеберлікпен әрі көркем орындап шықты.

Қазбек Ахмедияров пен Сүндет Сұлтановтың орындауындағы Ханзада  — тентектігі де бар, ашық-жарқын кейіпкер. Театрымыздың солисттері биікке секіріп, пируэт жасағанда бишілік қабілетін танытты. Қас әртістің актерлік шеберлігінде де мін жоқ.

Өгей шешенің (Айжан Мұқатова, Аңсаған Көбентай) бейнесі де көрермен көңілінен шықты. Хореограф ойымен қалыптасан қырсық әйелдің бейнесі, шын мәнінде, харизмасы басым болып шықты. Оның қыздары – Долы (Анар Дүкиева, Айнұр Әбиілғазина) мен Қыңыр (Диана Батырова, Дилара Шомаева) сотқарланып, сахнаны ілгері-төмен шыр көбелек айналып, Күлше қызды кемсітіп, Ханзаданың көңілінен шығу үшін барын салады. Тоқмейілсіген, сонысымен езу тартқызар қос бейнені балериналар дөп басып, көрсете алды. Әртістер өз кейіпкерлерін қаншалықты қызығушылықпен бейнелеп отырғаны көрініп-ақ тұрды.

Спектакльден кейін ерекше күйге бөленесің: ұмытыла бастаған кейіпкерлермен қайта қауышқаныңа шаттанып, ғажайыпқа сенгің келіп тұрады. Сағат тілі түн ортасынан аусын, мейлі.

Орайы келгенде айта кетейік, «Күлше қыз» еліміздің өзге қалаларында да көрсетілетін болады. Айталық, ақпанның 20, 22 мен 23 күндері спектакльді Алматыдағы Абай атындағы МАОБТ сахнасынан тамашалауға болады.