11/07/2022

«Астана Балет» театр маусымының шымылдығын «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасымен жапты

«Астана Балет» театры тоғызыншы маусымын бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен «Орфей мен Эвридика» бір актілі балетінің премьерасымен аяқтады. Спектакльді хореограф Кристина Полин қойған болатын. 5-6 және 8-9 шілдеде өткен  премьералық көрсетілім барысында, театрдың жаңа туындысына тәнті болған көрермен зор қошеметін білдірді.

Премьераны Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та тамашалады.

«Өз басым үшін, сахнадағы әрекет – шығармашылық қиялдың жемісі. Мен өз қойылымдарыма грек мифологиясының кейіпкерлерін қосуды ұнатамын. Әйтсе де, мифтің мазмұнын, сонымен қатар, кейіпкерлердің мінез-құлқын сәл-пәл өзгертемін. Мен үшін ең бастысы, спектакль мазмұнын бишілердің қимылымен жеткізе білу. Яғни, костюм, декорация, өзге де сахналық безендіруді мейлінше аз қолдануға тырысамын. Ең маңыздысы – би арқылы көңіл-күй ырғағын жеткізу», - деген ойымен бөлісті қоюшы-хореограф Кристина Полин.

«Орфей мен Эвридика» балеті сазды әуенімен, жүрек пернесін шертер психологизм әрі музыка мен бидің үндестігімен ерекшеленеді. Қойылым Сергей Прокофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фридрих Гендель, Дэвидсон Джаконелло сынды композиторлардың әсем әуендерімен сүйемелденген. Костюмер Деннис Пешкенің сахналық костюмдерінде осы мифтің символикасы көрініс тапса, сценограф Отто Бубеничектің декорациясында тауға ұқсайтын біркелкі емес, айналы геометриялық кескіндер қолданылды.

Дегенмен, ең бастысы, хореография мен астаналық театр әртістерінің шеберлігі. Орфейдің рөлін жетекші солист Сүндет Сұлтанов пен бірінші солист Уэсли Карвальо, муза әрі Орфейдің сүйіктісін жетекші солист Айнұр Әбілғазина мен Татьяна Тен, ал, ортанқол жазушы Аристейдің бейнесін дарынды бишілер Ерқанат Ермағамбет пен Эльдар Сәрсембаев сомдады.

Сонымен қатар, жаңа қойылымға Илья Манаенков, Назерке Аймұхаметова, Дарина Қайрашева, Байқадам Түнғатаров, Артур Эдсон, Наталья Фернандес-Менес, Аңсаған Көбентай, Анар Дүкиева, Аққали Тұрғали, Нұрзат Берікқазыұлы және Серік Аманжол сынды театр әртістері қатысты.

Кештің екінші бөлімінде астаналық көрермен назарына ұсынылған чех фәлсафашы-хореографы Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» атты балеті де симфониялық оркестрдің ұрмалы аспаптар тобының сүйемелдеуімен орындалды. Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың дауылпаз композициясының шығармашылық үндестігінің жемісі – сахнадағы сегіз билеринаның қалықтаған қимылынан-ақ білініп отырды. Хореорафтың туындысы әуезділігімен, монохромды эстетика және орындаушылықтың әлемдік деңгейімен ерекшеленеді.

«Биылғы театр маусымы гастрольдік сапарлар жағынан да, түрлі жобалар жағынан да өте мазмұнды болды. Премьералық қойылымдар, сонымен қатар, репертуардағы үздік спектакльдер көрермен назарына ұсынылды. «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасы да ойдағыдай өтті. Көрермен зор ықыласын, қошеметін білдірді. Театр сүйер қауымның арқасында біздің де тынысымыз ашылып, тың дүниелер шығаруға талпынып, шабытқа бөленіп, сүйікті көрермендерімізбен қайта қауышу үшін алдағы театр маусымын асыға күтетін боламыз», - деп түйді театр директоры Александр Совостьянов.

Астана күніне орайластырылған премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.