«Астана Балет» театры сегізінші маусымын аяқтады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен астаналық ұжым 5 премьераны тарту етті. Оның үшеуі – ұлттық тақырыптағы туынды.
Маусым Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған, медицина саласының қызметкерлеріне арналған он қайырымдылық концерттен басталды. Қайырымдылық кештерінің концерттік бағдарламаларына жарқын спектакльдер енген: «Love Fear Loss» бір актілі балеті мен қазақ ұлттық биінің сұлулығы мен экспрессиясы көрініс тапқан «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті.
«Халық алғысы» құрмет медалімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жетекші солист Татьяна Тен, жетекші солист Дилара Шомаева, сонымен қатар, «Астана Балет» театрының жетекші солисті, ұстаз-репетитор, «Құрмет» орденінің иегері Қазбек Ахмедияров марапатталды.
Қазан айында екі премьера қатар өтті. Шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Longing» (Құштарлық) және Дэвид Джонатанның «Instinct» (Инстинкт) бір актілі балеттері бір кеште көрсетілді. Бұл туындылар техникалық орындау шеберлігі, буырқанған эмоция мен көркемдік безендірудегі минимализммен ерекшеленеді.
Қараша айында да «Астана Балет» көрермен назарына екі премьера ұсынды. Бірі – отандық хореограф Анвара Садықованың экологиялық тақырыпты қозғаған «Желтораңғы туралы аңыз» ұлттық балеті. Екіншісі хореограф Айнұр Әбілғазинаның Чайковский музыкасына қойған «Триумф» дивертисменті.
Желтоқсан айында, көптен күткен «Бейбарыс сұлтан» спектаклінің премьерасы өтті. Бұл спектакль хореографиялық жаңашылдығымен ғана ерекшеленбеді. Балеттің түсірілімі қатар жүргізіліп, Қазақстанда алғаш рет осы аттас теле-балеттің премьерасы да өткен болатын.
Тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Еңбек ардагері» құрмет медалімен «Астана Балет» театры директорының орынбасары Дүйсенбай Мұсабеков; «Ерен еңбегі үшін» медалімен театрдың жетекші солисті Дилара Шомаева марапатталды.
Сондай-ақ, 2020 жылдың соңында бірегей стриминг орталығы іске қосылды. Оның ерекшелігі сол, спектакль 360 градус форматта көрсетіліп, әртістер камераға қарап жұмыс істейді. Қазіргі кезде Сергей Прокофьевтың «Күлше қыз» екі актілі балетін тамашалауға болады.
Қаңтар айында «Астана Балет» Театрының көркемдік жетекшісі қызметіне Ресей мен Татарстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ҰХА хореография факультетінің экс-деканы Нұрлан Канетов тағайындалды.
Сонымен қатар, «Астана Балет» театрында әйгілі композитор Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған дүниежүзіне танымал «Щелкунчик» балеті көрсетілді. Басты партияларды Мариинский театрының әртістері – прима-балерина Оксана Скорик пен солист Евгений Коновалов орындап шықты.
Наурыз айында «Астана Балет», «Астана Опера» және Қазақ ҰАОБТ сынды үздік балет театрларының жетекші солисттерінің қатысуымен ғаламат гала-концерт өткізіліп, «Вальпургий түні», «GAIA» спектакльдері сахнадан қайта көрсетілді.
Сонымен бірге, білім беру және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жж. мемлекеттік бағдарламасының аясында «Балалар және театр» бастамасы қолға алынып, ағартушылық жоба жүзеге асырылды: қаламыздың мектептері мен лицейлерінің 1-11 сынып оқушыларына арналған «Сырлы сахна» атты экскурсиялар өткізілді. Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Астана Балет» театрында әлеуметтік жағдайы төмен топтардың балаларына арналған «Сырлы сахна» қайырымдылық экскурсиясы өтті.
Елорда күніне орай, балетмейстер Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балет-эпосының премьерасы өтті. Бұл туындыда классикалық дәстүр, заманауи балет пен қазақ халық биінің өрнектері үйлесім тапқан; кейіпкерлердің кең пішілген жарқын костюмдері; ауқымды декорациялар; таңғажайып жарық әсерлері мен Ақтоты Райымқұлованың көкейге қонар музыкасы.
Театр маусымы Көкшетау қаласына гастрольмен аяқталды. «Көкшетау» Мәдениет сарайының сахнасында астаналық ұжым ғажайып бағдарламасын паш етті: «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті мен «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті.
Пандемия кезінде өнер қайраткерлері көрермен қауыммен қарым-қатынастың жаңа формаларын игере бастады. Айталық, AbaiTV арнасында театр репертуарындағы спектакльдер көрсетілді. Соның ішінде, Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат», Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және «Gaia», Георгий Ковтунның «Вальпургий түні» сынды балеттері, гала-концерт пен «Астана Балет» театрындағы қазақ биінің феномені» атты деректі фильм.
«Астана Балет» театры басшылығының айтуынша, жаңа тоғызыншы театр маусымында Джордж Баланчиннің «Лағыл», Мукарам Авахридің «Тағдыр арқандары» спектакльдерінің премьерасы өтпекші. Тағы бір премьера Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзі үшін нағыз тосын сыйға айналмақшы.