«Астана Балет» театры, елордалық ұжым тарихындағы ең қысқа, жетінші театр маусымын аяқтады. Биыл, наурыз айында коронавирус пандемиясының салдарынан театрдың үйреншікті тіршілігі үзілгеніне қарамастан, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы арқасында, айналдырған бес айдың көлемінде ұжым айтулы премьераларын өткізіп, Қазақстан қалалары мен алыс және жақын шет елдерге гастрольдік сапарларын ұйымдастырды.
Биылғы маусым Ташкент қаласындағы Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында өткен гастрольден басталды. Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» үш актілі балеті, сонымен бірге, театрдың дәстүрлі «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «A Fuego Lento» бір актілі балетін өзбек көрермені ерекше ықыласпен қабылдады. Театр қойылымдарын көрермен қауым ғана емес, шет елдік әріптестер де жоғары бағалады. «Астана Балет» - қабылдауға тұрарлық тәжірибе», - деп атап өтті Ресей халық әртісі Андрис Лиепа.
Бұдан кейін, театр Ұлыбританияға алғашқы сапарына дайындала бастады. «Астана Балет» театры тәуелсіз Қазақстан тарихында аңызға айналған Ковент-Гарден театрының сахнасында өнер көрсеткен алғашқы ұжым еді. Үш күндік көрсетілімге билеттер гастроль басталардан бірнеше ай бұрын сатылып, британ баспасөзі мен жергілікті сыншылар қазақстандық труппаның өнерін жоғары бағалады. Айталық, британдық «Таймс» әртістердің келбеті мен өжет сымбатын, сонымен бірге, «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық бағдарламасының әсемдігін ерекше атап өтті. «Broadway World» басылымы «Соломея» бір актілі балетінің баяндау тәсілін көлемді операмен салыстырып, хореограф Мукарам Авахридің пластикалық тіліне тәнті болды.
Маусымның алғашқы премьерасы – хореограф Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» қойылымын маэстроның шәкірті – Нанетт Глушак сахналады. Қысқа ғана бір актілі балет, қанша дегенмен, ұзақ дайындық пен әртістердің шеберлігін талап етті. Америкалық неоклассиктің хореографиясы орындаушылықтың мінсіз дәлдігі мен тазалығын қажет етеді.
Сол кезде, Халықаралық балет күніне орай, «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, кез-келген адам театрға тегін кіріп, сахна шымылдығының сыртындағы сырға қанығып, «Еуразияның жеті шымылдығы» көрмесімен танысып, сонымен бірге, балет пен оның тарихы жайлы қызықты дәрісті тыңдай алды.
Сонымен бірге, ұжымымыз Павлодар қаласы мен АҚШ-тың төрт қаласына гастрольдік сапарын өткізді: Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Сан-Диего және Эскандидо. Мұнымен қоса, театр әртістері Димаш Құдайбергеновтың Нью-Йорктегі (АҚШ) «BarclaysCenter» аренасы мен Мәскеулік Кремльдегі жеке концерті мен Мәскеудегі Қазақстан мәдениетінің күндері аясындағы фестивальге қатысты.
«Астана Балет» театрының шет елдік концерттерін ұзын-саны 30000 адам тамашалады.
Театрдың шығармашылық ұжым мүшелері мемлекеттік наградалармен марапатталды: жетекші солист Татьяна Тен «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына, грим цехының меңгерушісі Яковенко Валентина - «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Желтоқсан айында, қазақстандық балет тарихында алғаш рет, Сергей Прокофьевтің музыкасына «Күлше қыз» балетінің премьерасы өтті. Премьералық көрсетілімдерге билеттер бір ай бұрын сатылып кетті.
Биыл, жыл басында театр ұжымы Алматы, одан кейін Атырау қалаларына ауқымды гастролін ұйымдастырып еді. Дегенмен, ТЖ режимі енгізілгендіктен, Атырауда тек бір-ақ күн өнер көрсеткен болатын. Алматы және Атырау қалаларындағы театр көрсетілімін тамашалаған көрерменнің жалпы саны 4000 адамға жуық.
Театрдың биылғы маусымында 10 бағдарлама, соның ішінде, екі премьера көрсетіліп, оны, шамамен, 12 000 адам тамашалады. «Сахна сыры» танымдық экскурсия жобасына 250-ден артық адам қатысты.
Карантин тәртібі енгізілгендіктен, Театр қашықтан жұмыс істеу әдісіне ауысып, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 6 бірегей онлайн-жобаны жүзеге асырды.
Ұжым «Eurasian Dance Festival» аясында өткен 3 спектакльді көрсетіп, сонымен бірге, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Ұлы Дала мұрасы» онлайн-концертін өткізді.
«Онлайн Театр» арнайы жобасы іске қосылып, соның аясында әлемдік балет жұлдыздарымен бес тікелей эфир өткізілді: Әлия Танықпаева, Яна Саленко, Айдос Зақан, Татьяна Тен. Қолданушылардың ұзын-саны 163 000 адамнан асты.
Театр мен оның тарихына байланысты «On Stage/Online» атты бірқатар онлайн-экскурсиялар өткізілді. Бұл жоба өнердің осы биік үлгісінің қалыптасуы, оның этикасы, оны жаратқан жандар мен көрермендер жайлы баяндайды. Эфирде болған екі шығарылымды 98 000 қолданушы тамашалады. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай күрт ушыққандықтан, келесі сериялардың түсірілімі кейінге шегерілді.
Сонымен бірге, театр ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп жүзеге асырған «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасына да қатысты. «Астана Балет» театрының әртістерімен өткен шығарылым ерекше ілтипатқа бөленіп, 30 000 мәрте қаралды.
Тігін цехының қызметкерлері 2000 астам медициналық бетперде тігіп, №4 балалар емханасына табыстады.
Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы театрдың көптеген жобасына әсер етпей қоймады. Семей қаласына гастроль өтпей, «Бейбарыс Сұлтан» балетінің премьерасы кейінге шегеріліп, Джордж Баланчиннің «Лағыл» премьерасына дайындық белгісіз мерзімге шегерілді.
«Астана Балет» театры басшылығының айтуынша, жоспарланған премьералар мен көрсетілімдердің бәрі, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қарай, жаңа, сегізінші театр маусымында жүзеге асырылмақшы.