15/12/2018

Астана Балет» театры
«Сахна құпиялары» атты экскурсия ұйымдастырмақшы

Жаңа жылдың қарсаңында «Астана Балет» театры қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше сый дайындады. Жуырда балет жайлы түсінігіңізді өзгертетін, сахна шымылдығының ар жағында не болып жатқанын өз көзіңізбен көре алатын мүмкіндік беретін экскурсия ұйымдастырмақшы. Экслюзивті тур қонақтары қарапайым көрермен көзіне түспейтін құпияларға қанығып, саф өнерге бір табан жақындай түседі. Ал, білгір гид-экскурсияшы театрдың неліктен киім ілгіштен басталатынын, этикет ережесінің не үшін керегін баяндап береді.

Экскурсияға келушілер Astana Ballet фотокөрмесін тамашалай алады. Оның авторы - Ресей фотосуретшілер одағының мүшесі, «Балет территориясы» атты жобаны жүзеге асырған Алексей Кривцов. Әртістердің қимылын таспаға басқан, әлем бойынша жеке коллекцияларда сақталған фотосуретшінің объективінде ерекше күйде хатталып қалған бишілердің суреттері қазақстандықтардың назарына алғаш сәуір айында тарту етілген. Сол кезден бері бұл суреттер театр фойесіне ажар беріп, көрермен көңілін жадыратып келеді.

Қонақтар, әдетте, репертуардағы қойылымдар мен премьералар көрсетілгенде есігі ашылатын көрермен залына кіре алады. Дүниежүзі мен Қазақстанда балет өнерінің пайда болу тарихына қатысты қызықты әңігмеден бөлек, меймандар жақында көрсетілетін «Шерткіш» балетінен үзінді тамаша, жаңа жылдық ғажайыпқа да бір сәт сеніп қалары анық. Жоспар бойынша, әр экскурсияның белгілі бір тақырыбы болмақ.

Атап өтерлігі, экскурсияға қатысушылар саф өнерге бір табан жақындап, сахна шымылдығын түріп, үлкен балеттің бар құпиясына қаныға алады. Балериналардың көп қабатты пачкалары мен пуанталары, балеттегі негізгі позициялар мен әйгілі плие – осының бәрі «Астана Балет» театрының бірегей экскурсиясының аясында көрсетілмекші.

Экскурсия барысында грим салу бөлмесі мен декорация цехын тамашалау көзделген. Мұнда нағыз сиқыр орын алады: әртістер сахналық бейнелеріне еніп, шебер ұсталар қойылымның декорациясын жасап шығарады. Сонымен қатар, экскурсияға келушілер репетиция залына кіріп, әртістердің дайындығын, болашақта қойылатын тарихи спектакльдегі қимыл-қозғалыстарын қаншалықты ұштап жатқанын көзімен көре алады.

Билет сатылымы жуырда басталады.