Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында, 9-10 мамыр күндері «Астана Балет» театрының труппасы Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театрында өнер көрсетеді. көпшілікке Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы алға қойылған маңызды міндеттері аясында өтетін концерттік бағдарлама жергілікті көрермендерді ұлттық және әлемдік хореография өнерінің үздік үлгілерімен таныстыратын болады.
Көрерменге «Астана Балет» театрының алуан-түрлі бағдарламасы тарту етілмек: халқымыздың мәдениеті пластика тілімен жеткізілген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы, «Серенада», «A fuego lento» бір актілі балеттері.
Гастрольдік сапардың алғашқы күні көрермендерге неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен отандық балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» спектаклі ұсынылмақ. Қос қойылым да мінсіз стиль мен ғажайып хореографиясымен ерекшеленеді.
«Серенада» спектаклі «Астана балет» театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалды.
«Біз Дж.Баланчин қорымен атқарылған ұзақ мерзімді жұмыстың нәтижесінде қор бізге XX ғасырдың әйгілі заманауи жауһарын өз театрымызда, ҚР бойынша гастрольдік сапарларда қою құқын берді. Біз Қормен жұмыс істеуге алғашқы күннен мүдделі болдық. Сондықтан бұл спектакль театр өміріндегі елеулі қадам болып саналады», - дейді театр директоры Валерий Кузембаев.
Баланчин қойылымында сахна минимализмі басым: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» театрының әртістері өздері үшін де тың хореографияда әсем де асқақ биді, пластикалық суреттің нақтылығын паш етіп, неоклассика шедевріне жан бітірді.
«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Балық композициялық ұлттық дәстүрге бай, сан-қырлы әрі эмоциялық қуаты басым. Ғажап музыка мен қайталанбас көркемдік бейнелер жадыңызда мәңгі сақталып қалары анық. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы заманауи ұлттық балетті жарқын, екпінді дамып жатқан әрі бірегей құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.
10 мамыр күні көрермендерге жол тартатын «A fuego lento» атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі(музыка - Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф – Рикардо Амаранте).
Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Балет» театры Мәскеу мен Санкт-Петербор (Ресей), Бейжің (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша) қалаларының әлемге әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Жас ұжым үнемі ізденіс үстінде. Өзінің қайталанбас қолтаңбасын тауып, бірегей шығармашылық бейнесін қалыптастырып, классикалық мұраның үздік үлгілерін сақтай отырып, пластика тілін жарқын, есте қаларлық жаңашылдықпен толықтыра түсу – мақсат-мұраты.