Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында, 25-26 мамыр күндері «Астана Балет» театрының труппасы Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде өнер көрсетеді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы алға қойылған маңызды міндеттері аясында өтетін концерттік бағдарлама жергілікті көрермендерді ұлттық және әлемдік хореография өнерінің үздік үлгілерімен таныстыратын болады.
Көрерменге Астана Балет театрының алуан-түрлі бағдарламасы тарту етілмек: «Астана Балет Гала» концерттік бағдарламасы – пластика тіліндегі халқымыздың ұлттық нақышқа қанық би мәдениеті мен «A fuego lento» бір актілі балеті.
Балет Гала» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Балық композициялық ұлттық дәстүрге бай, сан-қырлы әрі эмоциялық қуаты басым. Ғажап музыка мен қайталанбас көркемдік бейнелер жадыңызда мәңгі сақталып қалары анық. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы заманауи ұлттық балетті жарқын, екпінді дамып жатқан әрі бірегей құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.
«A fuego lento» атты неоклассика стиліндегі балет асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі(музыка - Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф – Рикардо Амаранте).
Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Балет» театры Мәскеу мен Санкт-Петербор (Ресей), Бейжің (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша) қалаларының әлемге әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Жас ұжым үнемі ізденіс үстінде. Өзінің қайталанбас қолтаңбасын тауып, бірегей шығармашылық бейнесін қалыптастырып, классикалық мұраның үздік үлгілерін сақтай отырып, пластика тілін жарқын, есте қаларлық жаңашылдықпен толықтыра түсу – мақсат-мұраты.