Наурыз мейрамының қарсаңында, 20-наурызда «Астана Балет» сахнасында «Ұлттық балет кеші» өтіп, көрермен қауым ұлан-ғайыр қазақ даласына саяхат құрғандай әсерге бөленеді. Іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіледі.
Кеш бағдарламасында театрымызды әйгілеп тұрған, барлық гастрольдік сапарларда міндетті түрде көрсетілетін "Ұлы Дала мұрасы" концерттік бағдарламасы көрсетіледі. Көрермен назарына отандық хореограф, еліміздегі қазақ биін қоюшылардың көш басында тұрған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Айгүл Тәтидің туындылары тарту етіледі. Концерттік бағдарламада этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер, жарқын бейнелер мен қызықты хореография үйлесім тапқан.
Кеш барысында "Ғажайып табиғат" хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтеді. «Һассақ» эно-фольклорлы музыкасына қойылған бұл туындысында Айгүл Тәти табиғат тақырыбын өзек еткен. Абайдың тұмса табиғат жайлы өлеңдерінен шабыт алған хореограф әр жыл мезгіліне тән құбылыстарды би тілімен өрнектейді.
Кеш барысында, сондай-ақ, Қуат Шілдебаев, Сергей Рахманинов, Арво Пярт пен Карл Дженкинс музыкасына қойылған «Жусан» бір актілі балеті көрсетіледі. Мукарам Авахри қойған «Жусан» отандық хореографияда ел тарихына арналған алғашқы балет саналады. Бұл туындысында хореограф халқымыздың өр рухы, өткен заманның жарқын және қараңғы түнек жылдары, жусан бейнесі арқылы сипатталған өмірлік күш жайлы толғанады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, кинорежиссер, сценарист Бақыт Қайырбеков өз шығармашылығында байтақ даланың осы символына ерекше мән береді. Ақынның көркем туындыларының бірі либретто негізін құрады. Қазақ мәдениетінде жусан мен байтақ дала – Отан символы. Оның хош иісін Сарыарқаның төсінде өзге ешнәрсемен шатастыра алмайсың. Сол себепті, жусан халық жадының бейнелік символына айналды.
Айта кетейік, сәуір айында көрермен назарына отандық және шетелдік балетмейстерлердің спектакльдерінен құралған афишасын ұсынады: «Бейбарыс сұлтан», «Махаббат туралы аңыз» және «Жизель».