Шымкент қаласының күні қарсаңында, «Астана Балет» Театрының шығармашылық ұжымы «Түркістан» мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсетті. Шілденің 17 мен 18 күндері қала тұрғындары мен қонақтары театр репертуарындағы хореографиялық өнердің үздік үлгілерін тамашалай алды.
«Астана Балет» Театры әртістерінің дайындаған концерттік бағдарламасына «Ұлы Дала мұрасы» айдарымен топтастырылған ұлттық би жауһарлары «Love Fear Loss» және «A fuego lento» бір актілі балеттері енді. Шымкенттік көрермен астаналық әртістерге қошемет білдіріп, құрметін танытты.
«Әртістердің өнерінен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл ғажап дүние. Кейде жанарымызға жас үйіріліп, енді бірде, буырқанған сезім толқынына берілдік. Әртістеріңіз – һас шеберлер екен! «Астана Балет» Театры Шымкентке тағы келер деп үміттенеміз. Мұндай тарту-таралғыңызға мың алғыс! – деп, алған әсерімен бөлісті Шымкент қаласының тұрғыны Әсел Спабекова.
Шымкент қаласына ұжымның 62 адамы барды. Арасында техникалық топ, костюмерлер мен гримерлер де болды.
Театрды айшықтап тұрған бір дүние – «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы. Авторлары - балетмейстерлер Айгүл Тәти, Мукарам Авахри, Анвара Садыкова және Анна Цой. Бұл – Қазақстан ұлттық және заманауи хореографиясының үздік үлгілері. Сонымен бірге, шымкенттіктер, Театрымыздың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің туындыларын да тамашалай алды. Оның «Love Fear Loss» бір актілі балеті француз «бұлбұлы» Эдит Пиаф жайлы баяндайды. Нәзік, сезімтал балет рояльдің сүйемелдеуімен өтеді. Әп сәтте көрермен көңілін баурап алған көрініс соңын ала, бразилиялық хореографтың тағы бір дүниесі - «A fuego lento» - «Баяу жалын» балеті көрсетілді. Бұл қойылым әлемнің әйгілі сахналарында да қойылып, талғамы биік көрерменнің ықыласына бөленген-тұғын.
«Біз әрқашан көпшілік талғамын, оның ділін, яғни, менталдық, өзге де қырларды ескереміз. Өйткені, меніңше, өнер мұраты – түсінікті болу. Біз көрерменіміздің жанын жылытар, көкжиегін кеңейтер дүниелер ұсынғымыз келеді. Екеуара диалог орнаса тіпті жақсы. «Ұлы Дала мұрасы» – міндетті түрде көрсетілетін бағдарламаларымыздың бірі. Әсіресе, шет елдерде бұл көріністерді таңырқай тамашалайды. Өз елімізде де құрмет-қошеметтен кенде емеспіз, шүкір. Ұлттық бағдарламамызға бұл жолы дәстүрлі бимен қатар, заманауи, неоклассикалық ырғақтағы дүниелерді де ала келдік. Бұл фольклор мен неоклассикалық хореографияның синтезінен туған дүниелер. Театрымыз хореография, көркемдік бейне жасау тұрғысынан алғанда үнемі шығармашылық ізденіс үстінде» - деп атап өтті, театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Еске сала кетейік, бұл – астаналық театрдың Шымкент қаласына алғашқы сапары емес. 2015 жылы «Астана Балет» театры орыс драма театрының сахнасында «Шығыс рапсодиясы» бағдарламасын паш еткен.
«Астана Балет» Театры – дарынды әртістер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Халықаралық байқаулардың лауреаттары ғана емес. Біріншіден, бұл өнерге құштар жандар, еліміздің мәдени мұрасын сақтап қалуға күш салып жүрген қайраткерлер. Бишілердің әр қимылы, әр ишараты - әлемнің түкпір-түкпірінде көрермен жүрегіне жол тапқан балет өнерінің ғажайып пластикалық тілі.
«Астана Балет» Театры өз еліміздің, Ресей, Қытая, АҚШ, Әзірбайжан, Франция, Италия, Белорусь, Бельгия, Жапония мен Польша елдерімінің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп, мемлекетіміздің хореографиялық өнерін паш етіп келеді.