18/12/2023

«Астана Балет» театры Женева көрерменін тәнті етті

«Астана Балет» театрының Швейцарияға гастррольдік сапары табысты өтті. 15-17 желтоқсан аралығында, қатарынан үш күн елордалық театр әртістері Женеваның Batiment des Forces Motrices мәдени орталығында қазақстандық балет өнерін паш етті. Гастрольдік көрсетілімнің бәрі аншлагпен өтіп, көрермен қауым әртістерге тік тұрып қошеметін бірдірді.

«Өнердің мақсаты – түсінікті болу әрі көрерменнің сезіміне әсер ету. Ал көрермен залымен арада диалог орнап, әр көрерменнің жүрегінің төрінен орын алсақ, тіпті шабыттана түсеміз. Әрине, әр сапарымыздың алдында, барар елдің менталитетін, талғамын ескеріп, гастрольдік бағдарламаны соған сәйкес дайындаймыз. Осы жолғы бағдарламамыз да ауқымды әрі мазмұнды: классиканы, заманауи авторлық балет пен театрымыздың көркіне айналған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы. Бұл заманауи, неоклассикалық хореография мен фольклордың синтезі іспетті. Осы тұрғыдан алғанда, театрымыз хореография мен көркем бейнені суреттеу бағытындағы ізденістерін тоқтатқан жоқ» – деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.

Труппа алғашқы күні Жорж Бизе – Родион Щедрин музыкасына А.Алонсо қойған аңызға айналған «Кармен-сюита» балеті мен танымал әнші Карина Абдуллинаның либреттосы мен музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриева қойған «Тағдыр бұлтарыстары» мистикалық спектаклін көрсетті. Көрсетілім маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.

«Мен «Астана Балет» театрының шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Астанада болған кезімде міндетті түрде репертуарын тамашалаймын. Театрдың Женеваға келуі мен үшін күтпеген тосын сый болды. Мен үшін бұл – Жаңа жыл қарсаңындағы сыйлық іспетті. Бізді ерекше күйге бөлеген ұжымға алғысым шексіз. Кармен – сезім, құштарлық жайлы баяндайды ғой. Осы сезім арпалысын бойымнан өткізгендей болдым», деген ойымен бөлісті, Диана Алпысбаева есімді көрермен.

Гастрольдік сапар барысында «Астана Балет» ұжымы сахнада өнерін паш етіп, кәсіби біліктілігі мен орындаушылық шеберлігімен көрермен қауымды тәнті етті. Гастрольдік сапардың соңғы күні тарту етілген, театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы дала мұрасы» гала-концерті қазақ биінің үздік үлгілерінен құралған халық биінің жауһары іспетті. Женева жұртшылығы ұлттық музыка, көркем бейнелер мен бірегей хореографияны ыстық ықыласпен қабыл алды.

«Шынымды айтайын, мен үшін бұл керемет тосын сый болды. Кәсіби мансап жолымда көптеген елдерде балет туындыларын тамашалағаным бар. Нью-Йорк, Париж, Милан, Мәскеуде болдым. Швейцарияда Үлкен және Мариинский театрының, Эйфман театрының және өзге де театрлардың шығармаларымен таныстым. Балет өзім үшін өте жақын өнер. Менің ішкі әлемімнің бір бөлшегі десем де артық емес. Сондықтан болар, бүгін ерекше күй кештім. Тіпті, бір сәт оркестр отырған жерге бас сұқтым. Өйткені, дыбыстың таза шыққаны соншалық, бәлкім бұл фонограмма шығар деген ой болды. Сөйтсем, олай емес. Оркестр туындыны мінсіз орындады. Оркестрдің де, балеттің де әртістері бәрімізді тәнті етті. Оларға шығармашылық табыс тілеп, талай шыңдарды бағындыруына тілеулестігімді білдіргім келеді. Менің ойымша, жас ұжымның шығармашылығы дүниежүзі көрерменінің қызығушылығын арттыра түседі. Швейцариядағы барлық қазақстандықтардың атынан зор алғысымды білдіріп, алған асуларыңнан аласармаңдар, дегім келеді», – деді Айдар Шаяхметов.

Мазмұнды әрі күрделі бағдарлама, өте тығыз гастрольдік кесте мен күн сайынғы көрсетілімдер оңай тимегенімен, әртістердің айтуынша, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандыра түсті.

«Осы тектес мәдени қарым-қатынастар халықаралық байланысты бекіте түсудің төте жолы. Жалпы, гастрольдік сапар біздер үшін өте маңызды. Себебі, біз көрерменге шабыт сыйлаумен қатар, өзіміз де қанаттанамыз. Өйткені, шет елдік көрерменнің де ыстық ықыласынан күш аламыз. Талай ғасырлық тарихы бар театрда өнер көрсетіп, өзге мәдениетпен танысқан кезінде – өзіңнің де ішкі әлемін байи түседі ғой», деген ойымен бөлісті, театрдың жетекші солисті Айнұр Әбілғазина.

«Женеваға сапар – ұжымымыздың кәсіби біліктілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте паш етіп, жалпы, өнер атаулы түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіре алатын дүние екенін көрсетті», деді, театрының қоюшы-хореографы Айгүл Тәти.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.