12-14 қыркүйек аралығында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының сахнасында «Астана Балет» театрының гастрольдік көрсетілімі өтті. Қатарынан екі кеш Қостанай тұрғындары әлемдік классика жауһарларын, заманауи қойылымдар мен ұлттық хореографияның жарқын үлгілерін тамашалады.
Гастрольдік сапар көрермен қауым үшін нағыз мерекеге айналды: әртістерді зор қошеметпен қарсы алып, әр қойылым – классикалық, заманауи немесе халықтық болсын – көрермен жүрегінінің төрінен орын алды.
12-қыркүйекте өткен бірінші кеште, көрермен назарына Родион Щедрин оркестрге лайықтаған Жорж Бизе музыкасына Альберто Алонсо қойған аты аңызға айналған «Кармен-сюита» балеті тарту етілді. Майя Плисецкая үшін арнайы қойылып, ХХ ғасырдың нағыз інжу-маржанына айналған балет, «Астана Балет» труппасының орындауында көрермен қауымға ерекше әсер қалдырды.
Кештің екінші бөлімінде танымал композитор Карина Абдуллинаның музыкасына хореограф Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» балеті көрсетілді. Театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен спектакльдің мығым драматургиясы, жарқын пластикасы мен эмоционалды қуаты еселей түсіп, барша көрерменге айтарлықтай әсер етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти шығарған, «Астана Балет» театрын даралап тұрған «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертименті гастрольдік бағдарламаның шырқау шыңына айналды. Ұлы Даланың бай мәдени мұрасы – ортақ идеямен үйлескен сан-алуан хореографиялық миниатюралар көрермен қауымды өзінің эстетикасымен, костюмдерінің әсемдігімен және дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімділігімен тәнті етті.
«Қостанайдағы гастрольдік сапарымызды ыстық ықыласпен қабыл алған көрермен қауымға алғысымыз шексіз. Көрермендердің оттай жанып тұрған көздерін көру, біздің өнерімізге деген шынайы пейілі мен сүйіспеншілігін сезіну біз үшін өте маңызды. Осылайша энергия мен эмоция алмасу бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырады және балет өнері шын мәнінде әмбебап әрі баршаға жақын екенін дәлелдей түседі», – деп атап өтті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Театр директоры Тайыр Қаратаев та өз әсерімен бөлісті: «Біз өз шығармашылығымызды лайықты түрде паш етуге және театр репертуарының сан-алуандығын көрсетуге тырыстық. Қостанай қаласының тұрғындары бізді ыстық ықыласпен қарсы алғаны, миссиямыздың орындалғанын растаса керек. Труппа үшін бұл жай ғана қойылым емес, көрермен қауыммен шынайы шығармашылық диалог іспетті. Қостанай жұршылығын тәнті ете алғанымызға қуаныштымыз».
Гастрольдік сапар аясында көрсетілімдерден бөлек, Отбасы күніне арналған әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылды.
«Астана Балет» театрының гастрольдік сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.