Трансляция театрдың YouTube-арнасында, 10-тамыз күні сағат 13:00 өтеді.
Шығарылымның қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының қоюшы-хореографы Айгүл Тәти – ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жерлесі. Жүргізушімен сұхбаты барысында балетмейстер театрдың ұлттық стилінің қалыптасу үрдісі жайлы, неден шабыт алатыны, жалпы, қазақ биінің болашағы жайлы әңгіме өрбітеді. Сонымен бірге, көрермен қауымға арнап ежелгі заманнан осы күнге дейінгі ұлттық хореография өнерінің тарихына шолу дайындалды.
«Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 10-тамыз Абай күні болып бекітілуі халқымыздың бірлігін нығайтып, өткенімізді ой зердесінен өткізіп, болашақты бағамдауымызға тағы бір қадам болғаны даусыз. Бұл күн күллі мәдени қауымдастық үшін елеулі оқиғаға айналарына сенімдімін. Барлық қазақстандықтарды мереке күнімен құттықтаймын!», - деп атап өтті «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Сонымен бірге, театрдың YouTube-арнасында өзге де трансляциялар өтпекші: 13-тамыз, сағат 13:00 театрдың жетекші солисті Дарина Қайрашевамен өткен «OnStage/Online» жобасының алғашқы шығарылымы көрсетілмекші. Бұл бағдарламада қазақстандық хореограф Мукарам Авахридің «Саломея» бір актілі балеті жайлы сөз қозғалады.
16-тамыз, сағат 13:00 тікелей эфирде қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің астаналық театрмен бірлесе жасаған «Балетке қатысқым келеді» деректі фильмі көрсетілмекші.
Сюжет бойынша Қызылорда облысының Шиелі ауылында тұратын кішкентай ғана Нарқыз балерина болуды армандайды. Астаналық хореография академиясының аймақтық іріктеулері барысында ол емтиханын сәтті тапсырып, оқуға түседі.
«Балетке қатысқым келеді» деректі фильмінің түсірілімі кейіпкеріміздің туған ауылында басталып, қыз баланың соңынан еріп, еліміздің елордасында ашылған «Астана Балет» театрына дейін жалғасады. "Астана Балет" – ұлттық стиль, неоклассика мен қазіргі заман хореографиясын үйлестіре білген, еліміздің ең жас театры.
Нарқыз Қазақ ұлттық хореография академиясына оқуға түскенімен бірге, елімізде хореография және бимен шұғылданып жүрген кез-келген бала қатысуды армандайтын спектакльдің премьерасын сахна сыртынан бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Бас кейіпкер әртістердің сахнаға шығар алдында қалайша дайындалатынына, біріне-бірі кеңес беріп, қаншалықты демеу беріп жігерлендіргеніне куә болып, балерина боламын, елімнің даңқын асырамын деген арманы-тілегі беки түседі.