«Астана Балет» Театры тоғызыншы театр маусымын аяқтады. Осы театр маусымында гастрольдік сапарлар да, қызықты жобалар да жүзеге асырылды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ғаламат премьералар, репертуардағы спектакльдердің көрсетілімі өтті.
Тағы бір айта кетерлігі, елорданың музыкалық тыныс-тіршілігінде елеулі оқиға орын алған болатын. Биылғы театр маусымында бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» Театрының симфониялық оркестрі құрылды. Енді театрдың көптеген қойылымдары оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Бұған қоса, симфониялық оркестрдің концерттері де ұйымдастырылды.
«Астана Балет» Театрының гастрольдік сапарларының географиясы да едәуір ұлғайды: астаналық ұжым алғаш рет Орал қаласына барып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің авторлық интерпретациясындағы «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті мен Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» неоклассикалық балетін паш етті. Биылғы маусымда, сонымен қатар, Түркістан, Семей және Талдықорған қалаларына да гастрольдік сапар ұйымдастырылып, ұлттық хореографияның үздік туындылары көрсетілді. Театрымыздың БАӘ алғашқы гастрольдік сапары өтті: Дубай опера сахнасында екі ауқымды спектакль - «Махаббат туралы дастан» және «Бейбарыс сұлтан» туындылары көрсетілді. Алматы қаласына гастрольдік сапар да сәтті өтті. «Almaty Theatre» көпсалалы мәдени кеңістіктің ашылу рәсімі аясында астаналық театр әртістері бір айға жуық уақыт өнер көрсетіп, көрермен қауым назарына театрымыздың репертуарындағы үздік спектакльдер ұсынылды.
Биылғы театр маусымында премьералар да көп болды. Театр репертуарына көптен күткен тағы бес қойылым қосылды. Бұл И.Стравинский музыкасына Дж.Баланчин қойған «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио», танымал музыкант К.Абдуллинаның либреттосына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» бірегей балеті, сонымен қатар, Стивен Райхтың музыкасына заманауи би кемеңгері Иржи Килиан қойған, ал, хореограф Стефан Жеромски сахналаған «Жолдан тайғандар» балеті. Бұл шынымен бірегей қойылым, себебі, бонг аспабындағы солоны «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің әртістері орындады. Ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» авторлық спектаклі де театр репертуарынан тиісті орнын алды. Осындай балет қою идеясын Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ және «Астана Балет» театрымен тығыз шығармашылық ынтымақта жүзеге асырды. Ал, маусым шымылдығы Кристина Полиннің «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасымен жабылды. Астаналық көрермен назарына Көне Грекия мифінің хореографиялық интерпретациясы модерн элементтері бар неоклассика мәнерінде ұсынылды.
Сонымен қатар, Людвиг Минкустың музыкасына Мариус Петипа қойған «Баядерка» балетінен Майра Қадырова сахналаған Pas d'action және «HASSAK» этно-фольклорлы ансамблінің музыкасына Айгүл Тәти қойған «Тәңір сыйы - Ақ жол» атты хореографиялық миниатюралардың да премьерасы өтті.
Биылғы маусым жүзеге асырылған іс-шаралармен қатар, марапаттарға да кенде болған жоқ: балетмейстер Айгүл Тәти, ұстаз-репетитор Майра Қадырова, сонымен бірге, симфониялық оркестрдің бас дирижері Арман Оразғалиев «Құрмет» орденіне ие болды. Театр әртістері Айжан Мұқатова, Дарина Қайрашева, Сүндет Сұлтанов, Риза Қанатқызы мен ұстаз-репетитор Әсел Абақаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Риза Қанатқызы «Театр» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Театрдың жетекші солисті Сүндет Сұлтанов Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік стипендиясына ие болды. Сонымен қатар, жетекші солисттер Дарина Қайрашева мен Сүндет Сұлтанов Тикетон сыйлығымен марапатталды.
Театр басшылығының айтуынша, театрдың мерейтойлық маусымы 9-қыркүйекте ашылмақшы. Театр ұжымы алдағы маусымда да өнімді еңбек етуді жоспарлап отыр: Альберто Алонсоның «Кармен-сюита», Георгий Ковтунның «Қар патшайымы» спектакльдерінің премьерасы өткізілмекші. Сонымен бірге, Алматы және Қазақстанның өзге де қалаларына гастрольдік сапарлар ұйымдастырылады.
«Астана Балет» театрында дайындық жұмыстары басталып та кетті: спектакль бейнелерінің имидждік түсірілімдері үшін Дарьян Волкова арнайы шақырылды. Ол балет фотографиясының һас шебері, балет және арт-фотографияның халықаралық сайыстарының жеңімпазы, еуропалық және ресейлік ірі театрлардың прима-балериналары және солисттерімен жұмыс істейтін танымал фотосуретші. Оның суреттері АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Австрия, Гонконг, Италия, Швейцарияның жекеменшік жинақтары мен Орыс музейі мен Шереметьев сарайы, РосФото музей-көрме орталығының қорында сақтаулы.