Астаналық театр спектакльдерді 360 градус форматында тамашалауға мүмкіндік беретін, «AB-MEDIA» атты Қазақстандағы алғашқы театрлық стриминг сервисін іске қоспақшы. Жаңа алаңның тұсаукесері «Астана Балет» Театрында 28-желтоқсанда, сағат 16:00 өтеді. Тікелей эфир әлеуметтік желідегі театрдың ресми парақшасынан таратылады.
«Пандемия мен оның салдары көрерменмен байланыстың жаңа түрлерін іздеуімізге түрткі болды. Дүниежүзінде театр саласы үлкен шығынға батып отыр. Әрине, театрда көрермендерді қабылдай алғанымызбен, олардың саны шектеулі. Эксклюзивті стриминг таратылымы осы түйткілді шешу жолындай көрінеді. Яғни, осы арқылы біз көрермен санын шектемейміз, бұған қоса көрермендеріміздің географиясы да кеңейе түседі. Карантин кезінде бұл өте маңызды. Себебі, біз бұрынғыдай гастрольдік сапарға шығып, қазақстандық балет өнерін насихаттай алмаймыз. Айталық, Netflix, HBOmax және Disney+ сынды платформалардың танымалдылығы онлайн-контентке деген сұраныстың үлкен екенін айғақтап тұр. Дүниежүзінде театр сүйер қауым аз емес. Біз оларға арнап қызықты контент дайындап жатырмыз», - дейді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Жаңа стриминг алаңының ерекшелігі сол, оған тек стандартты толық форматты концерттер, спектакльдер немесе деректі фильмдер ғана емес, 360 градус форматында түсірілген қойылымдар енетін болады.
360 градустық түсірілім арнайы камерамен жасалып, төңіректің бәрін қамтиды. Қарапайым жалпақ дисплейден тамашалаған кезде көрермен көрсетілім бағытын панорама ретінде өзі бақылай алады, VR-көзілдірік кисе, өзін сол көрсетілім ішінде жүргендей сезінеді. 360 градус форматындағы спектакльдер әртістердің камераға қарап әрекет еткеніне қарай қойылғандықтан, көрермен өзін ерекше күйде сезінеді.
Қазіргі кезде ұжымымыз контент қалыптастыру ісін қолға алып, 360 градус форматындағы алғашқы спектакльдердің түсірілімі аяқталды. Бұл Сергей Прокофьевтың «Күлше қыз» екі актілі балеті мен премьерасы биыл қараша айында өткен, қазақстандық хореограф Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балеті. Таяуда спектакль көрсетіліміне билеттер сатыла бастайды. Елордалық театр басшылығының айтуынша, спектакльді бір рет тамашалаудың құны шамамен 500 теңге болмақ.
Дербес стриминг платформасы арқылы елордалық театр өз көрермендерінің географиясын ұлғайтуды көздеп отыр: жеке спектакльдің көрсетіліміне билетті әлемнің кез-келген өңіріндегі көрермен сатып ала алады. Айта кетейік, бастапқы кезде контент алаңы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратылатын болады.