«Астана Балет» театрының ақпандағы афишасы талғампаз көрерменнің көңілінен шығар сан-түрлі спектакльдерден құралған. Театр ұжымы классикалық, неоклассикалық және заманауи қойылымдары бар бірнеше бағдарламаны ұсынбақшы.
12-13 ақпанда театр сахнасында бір актілі балеттер кеші өтеді. Бағдарламада - бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Longing» және «Love Fear Loss», сонымен бірге, Дэвид Джонатанның «Instinct» туындысы бар. «Longing» және «Instinct» балеттерінің әлемдік премьерасы елордалық театр сахнасында былтыр, қазан айында өтіп, көрермен қауымның зор ықыласына бөленді. Себебі, бұл екі туындыда да жаныңның сыңарын іздеу, ғашығыңмен араларың суып қалғандағы мұң, жалпы, біздің өміріміздегі махаббаттың орны жайлы көкейкесті мәселелер көтеріледі.
19-20 ақпанда көрермен қауым маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін, көптен күткен Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» балетін тамашалай алады. Бұл балет алғаш қойылған сәттен атағы жер-жаһанға тарап, ал, оны қойған адамның даңқы аспандап кетеді. «Махаббат туралы аңыз» балетін адам мүмкіндіктерінің шегіндегі туынды деп атайды: күрделі техника мен бейнелердің терең психологизмі әртістердің шеберлігін талап етеді.
27-28 ақпанда бір актілі балеттердің тағы бір кеші өтіп, бұл жолы үш туынды көрсетіледі: Джордж Баланчиннің «Серенада», Рикардо Амарантенің «Diversity» және Айнұр Әбілғазинаның «Триумф» балеті. Көрермен қауым жер бетіндегі ғажайып өнердің бірінің даму тарихын танып, Батыс жартышарында пайда болған балет өнері жайлы пластика тілі арқылы біліп, ешкімді бей-жай қалдырмайтын классикалық би триумфымен тамсана алады.
«Пандемияға қарамастан, көрермен тарапынан өнерге деген қызығушылық азаймағанына қуаныштымыз. Осы күндері шағын ғана, шектеулі саны бар көрерменге өнерімізді көрсете алуымыздың өзі бір ғанибет. Әртістеріміз сахнада барын салады. Бір қызығы, қойылым соңында көрсетілер көрермен қошеметі толық залда отырғандағыдан кем түспейді. Әрине, театрда көрермен қауымды қабылдағанда біз зор жауапкершілік барын түсінеміз. Сол себепті, бас санитарлық дәрігердің әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, бетперде кию және өзге де талаптарын толық сақтаймыз. Жасыратын несі бар, бұл біздің қазіргі өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған ережелер. Бірақ, театр ішінде көрермендерімізді күтіп алу ғанибетінің алдында бұл түк емес. Театрымыз барынша қарқынды жұмыс істеп келеді. Бір жағынан, бұл әртістерге де, афишамыздың алуан-түрлілігіне де оң ықпал етуде», - деген ойымен бөлісті «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Айта кетейік, наурыз айында көрермендердің басын қосар іс-шаралар да аз емес. Халықаралық әйелдер күніне орай «Балет жұлдыздарының гала-концерті», Наурыз мейрамына орай «Ұлттық балет кеші», сонымен бірге, «Вальпургиев түні» мен «GAIA» сынды спектакльдер сахнада қайта ойналатын болады.