«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына соңғы жылдары сахналанған, ұлттық бояуы қанық, өрнегі айқын балет үзінділері мен хореографиялық миниатюралар енген. Концерттегі билердің бірқатарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған: «Ақ қыз» (Еділ Құсайыновтың өңдеуіндегі қазақ халық музыкасы), «Ғажайып табиғат» («HASSAK» этно-фольклорлық тобының музыкалық композициясы), «Балбырауын» (Құрманғазының күйі), «Қыз сағынышы» (Құралай Қанапинаның өңдеуіндегі Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың музыкасы), «Әсем қоңыр» (Дина Нұрпейісованың күйі), «Тәңір сыйы – Ақ жол» («HASSAK» этно-фольклорлық тобының музыкасы) және т.б. «Астана Балет» әртістері «Баласағұн» орталық концерт залында Ұлы Дала поэмасын би өрнегімен өріп, халқымыздың тіршілік нәріне айналған даланың әсем әрі көркем табиғатын суреттейді. Тараздық көрерменге тарту етілген, «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар халық дәстүрінен нәр алып, сан салалы өрнегі, қайталанбас, өзіндік ішкі қуатымен ерекшеленеді. Әсем әуен, қайталанбас көркем бейнелер, сан түрлі пластикалық қимылдар мен сахна кеңістігіндегі суреттерінің арқасында әр би көрермен көңілінен шығып, жүрегінен орын алады. «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті қазіргі заманғы ұлттық балетті жарқын, қарқынды дамып жатқан бірегей құбылыс ретінде тануға мұрша береді. Бұл бағдарлама шығармашылық ұжымды даралап тұрған дүниеге айналды. Көрермен қауым «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасын зор ықыласпен қабылдап, концерт соңында «Астана Балет» әртістерімен қошеметін жаудырды. «Шеберлік деңгейі биік өнер көрсетілетінін білдім. Әртістерге мың алғыс. Үлкен өнердің шымылдығын ашқандай болды», - деді бір көрермен, концерттен шыққан кезде. Екіншісі де оның сөзін іліп әкетіп: «Нағыз өміршең бағдарлама екен. Мейірім мен бейбітшілікті әспеттейді. Әртістердің кәсіби шеберлігі де өте жоғары». Әртістер мен осы кешті ұйымдастырушыларға алғысын жаудырған көрермен қауым, осы концерттің жүрек түбінен орын алғанының, көрермен көкейінен шыққанының белгісі болса керек. «Асыға күтеміз, тағы келіңдер», - деп тарасты халайық.
Тараз қаласының бас сахнасында Тәттімбеттің күйіне Айгүл Тәти қойған «Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті. «Сарыжайлау» күйінде Ұлы даланың көне әрі терең даналығы жасырылғандай. Ұлан-байтақ даламыздың сұлулығы суреттелген осы күйге лирикалық сарын тән. Әзірбайжандық танымал өнертанушы Улькяр Алиева өзінің рецензиясында ойын былай тізбектейді: «Шын мәнінде, Тәтидің хореографиялық миниатюрасы – хореографтың туған жер табиғатына деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Күнге қолын созған бишілердің қимылы, мың бұралған кейпі арқылы хореограф боз селеулі байтақ даланың көркем-пластикалық бейнесін жасады. Халық биінің ғажайып пластикасы, бидің толағай бейнесі сұлулық, табиғат пен елең-алаңсыз күйдің үндестігін паш еткендей».
«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетілетін кез-келген концерт бір деммен өтеді. Тараздағы концерт те ойдағыдай өтіп, ұмытылмас әсер қалдырды. Халық биіне деген сүйіспеншілік көрермен пейілінен аңғарылады; ал би өнерінің кәсіпқой мамандары орындаған сахналық би – ұлттық биге деген құштарлықты арттыра түсіп, осы бағдарламаны қайталап көруге деген қызығушылықты оятады. Себебі, әр коцерт қайталанбас, дара.