Нұр-Сұлтандағы Eurasian Dance Festival Халықаралық балет фестивалі би форумына қатысушылардың өнерімен көрермен қауымды таң қалдырып келеді.
П.Вирский атындағы Украин Ұлттық Еңбегі сіңген Академиялық би ансамблі көрермен көңілін баурап әкетті. 1937 жылы құрылған ұжым әлемдегі ең үздік халық би ансамблі саналады. Міне, сексен жылдам астам уақыт болды, аталған ұжым әртістері би ғаламатын танытып, орындаушылық шеберліктің биік шыңын көрсетіп, жарқын ұлттық костюмдерді паш етіп келеді.
Көрерменге тарту етілген «Тағдыр іспетті би» бағдарламасы 14 биден құралған. Олардың басым бөлігін, ансамбльдің негізін қалаған Павел Вирский қойған болатын.
П.Вирский – украин мәдениеті үшін қасиетті тұлға. Бұл ұжым Украинадағы барлық халық би ансамбльдерінің эталонына айналған. Сөз жоқ, бұл ретте, бишілердің кәсіби шеберлігін, жұмысқа деген ынта-ықыласын ерекше атап өткен жөн.
Аталған ұжым халық биін, яки, фольклорлы-би үлгілерінің ішкі мазмұнын бұзбай, ғажайып техника, өзгертілген акробат трюктарын қоса отырып, жаңа кейіпте танытып келеді.
Жарқын костюмдер, ырғақ пен бояудың құбылуы, мың бұралған бишілер, жалпы, украин халқына тән әзілкештік – осы элементтердің бәрі әр биден көрініс тапты. Концерт «Украинам, менің Украинам!» хореографиялық композициясынан басталды. Қоюшы – Мирослав Вантух. Мұнда елдің барлық аймақтарының би және ұлттық киім үлгілері ескерілген. Концерт шымылдығы Павел Вирскийдің әйгілі «Гопак» биімен жабылды. Бұл композиция ансамбльді әйгілеп отыратын, украиндік казактардың болмысы ашылған хореографиялық би.
Аталған ансамбль 80 елде өнер көрсеткен. Қазақстанда тек кеңес дәуірінде болып, Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-ақ мәрте, соның өзінде, ұжымның ықшам құрамымен келгені бар. Сол себепті, бұл – әйгілі ұжымның Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы толыққанды концерті деуге тұрарлық.
Репетиция барысында әскердегідей қатаң тәртіптің сақталатыны таңырқатты. Бос сөз, өзге шаруамен айналысу – атымен жоқ. Бәрі асқан жауапкершілікпен, бар ынта-ықыласымен еңбек етті. Бұл әйгілі Вирскийдің заманынан сақталған салт. Оның – «Екі аяғың да, сол аяқ па?» деген сынды ескертпелері биші қыздардың көздеріне жас үйіретін», - деп еске алады, ұжым ақсақалдары. Елордасында өткен репетиция барысында да, Украина халық әртісі Владимир Туягиннің қатал сын-ескертпелері еміс-еміс естіліп тұрды. Сірә, бұл да, аға буын қалыптастырып кеткен дәстүрге құрметтің белгісі шығар. Себебі, В.Туягин де, бастапқыда осы ұжымның солисті болған. Осы күні жаттықтырушы-балетмейстер. Тағы бір ескерерлігі, сынға ұшырағандар байбалам салмай, керісінше, жинала түседі. Сөйтіп, бар қуатымен еңбек етеді.
Әртістер гастрольдік өмірге бейімделген. Түрлі театрларда өнер көрсетіп, талай сахнаны көзімен көрген. «Астана Балет» театрын, жалпы, ел астанасын ерекше ілтипатпен атап өтті.
П.Вирский атындағы Украин Ұлттық Еңбегі сіңген Академиялық би ансамблінің әкімші-директоры Виктор Завадский:
«Театрды алғаш көргенде, Нұр-Сұлтандағы бұл ғаламатқа таң қалдық. Қызғаныш болғанын да жасырмаймын. Қытайға барғанымызда да осылайша таңырқағанымыз бар. Өйткені, онда да соңғы техникамен жабдықталған театрларды көрдік. Ел үкіметі халқының игілігі үшін осы тектес ғимараттарды салып, мәдениетке көңіл бөлгені – көп нәрсені аңғартады. Украинамызда да тап осылай боларына үмітіміз басым».
Авторлық театр, режиссермен бірге ғайып болатыны белгілі. Хореографияның күйі де осындай. Павел Вирский өмір сахнасынан кеткенімен, оның қазіргі би әлеміндегі өмірі жалғасып келеді. Тіпті, оның қойған хореографиялық композициялары өзектілігін жойған емес. Мұның сыры неде? Құпиясы бар ма? Осы құбылысты түсіндірудің бір ғана жолы – П.Вирскийдің өмірбаяны. Ол ғұмыр бойы, би арқылы халқына деген махаббатын жеткізіп, туған елінің болмысын көркем бидің өрнектерімен ашуға тырысқан. Яки, би оның тағдырына айналды. Қай елде өнер көрсетпесін, көрермен қарасы көп болады. Нұр-Сұлтандағы Eurasian Dance Festival Халықаралық балет өнері фестивалінде де тап осылай болды. Көрермен қауым, халық биінің ғаламатын танытқан әртістерге тік тұрып қошемет білдірді.