2022 жылдың басында «Астана Балет» театры үлкен жоспарлар құрып, алдына зор міндеттер қойып еді. Биылғы жетістіктер қаншалықты? Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елордалық театр бес премьера өткізіп, Тбилиси, Алматы, Талдықорған және Қарағанды қалаларына гастрольдік сапар ұйымдастырып, «Ашық сахна» атты І Республикалық байқау өткізетінін жария етті.
2022 жылдың премьералары
Театр репертуары қазіргі заманғы бидің жарқын өкілі Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» және Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде Альберто Алонсо қойған «Кармен-сюита» атты спектакльдерімен толысты.
Сонымен қатар, Кристин Полин «Орфей мен Эвридика» туралы ежелгі грек мифологиясының хореографиялық нұсқасын сахналады.
Ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» спектаклі де ерекше атап өтуге тұрарлық дүние. Айта кету керек, еліміздің телеарналарынан осы балеттің теленұсқасы да көрсетілген болатын.
Репертуар қоржыны балалар спектаклімен де толысты. Георгий Ковтун қойған «Қар патшайымы» балеті даниялық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің осы аттас ертегісінің желісін арқау еткен.
Сонымен қатар, Мариус Петипаның Людвиг Минкус музыкасына қойған «Баядерка» балетінен Pas d'action және «HASSAK» этно-фольклорлы ансамблінің музыкасына Айгүл Тәти қойған «Тәңір сыйы - Ақ жол» атты хореографиялық миниатюраларының да премьерасы өтті.
Тбилиси, Алматы, Талдықорған және Қарағанды қалаларына гастрольдік сапарлар
«Астана Балет» театрының Алматыдағы гастрольдік сапары сәтті өтті. «Almaty Theatre» көпсаласы мәдени кеңістіктің ашылуына орай, Театр әртістері бір айға жуық уақыт өнер көрсетіп, репертуардағы үздік спектакльдерді паш етті.
Сонымен қатар, шығармашылық ұжым Талдықорған қаласында ұлттық хореография інжу-маржандарын паш етіп, Қарағандыдағы «DosStar» оперетта мен мюзикл фестивалінде Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» және танымал композитор Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» атты балеттерін көрсетті.
Впервые с оглушительным успехом «Астана Балет» выступил в Грузии: на сцене Театра оперы и балета имени З. Палиашвили в Тбилиси были представлены одноактные балеты «Саломея» и, а также национальный дивертисмент «Наследие Великой степи».
«Астана Балет» театрының Грузияға алғашқы гастрольдік сапары да табысты өтті. Тбилисидегі З.Палиашвили атындағы Опера және балет театрының сахнасында «Саломея», «A Fuego Lento» бір актілі балеттері мен «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті көрсетілген болатын.
Симфониялық оркестр
Биыл астанамыздың музыкалық тынысында да ерекше құбылыс орын алды. «Астана Балет» театрында бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр ашылды. Оркестрдің шығармашылық жоспарлары орасан, тың идеялары мол. Репертуар мен көрсетілім географиясын кеңейту ғана емес, музыка сүйер қауымды жас дарындармен, яғни, жеке орындаушылармен және дирижерлермен таныстыру да ойда бар.
Театрда өткен симфониялық музыка кештерінде Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева, Қазақстанның халық әртісі Жания Әубәкірова, сондай-ақ, ҚазҰӨУ қарасты музыка мектебінің дарынды оқушылары, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Сонымен қатар, Элмар Бөрібаев дирижерлік еткен «Music Tour. The way back home» атты концерт өткізілді.
Байқаулар мен марапаттар
Театр Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қорымен бірлесе отырып, Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен еліміздің дарынды жастарын қолдау мақсатында «Ашық сахна» атты І Республикалық байқауды жария етті. «Хореография», «Либретто», «Музыка» және «Сценография» аталымдары бойынша жеңімпаздарға 1 000 000 теңге ақшалай сыйлықпен қатар, хореографиялық тауындыны жарыққа шығару мүмкіндігі ұсынылады. Оның премьерасы 2023 жылдың 1-мамырында театр сахнасында өтеді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен UMAI Өнер саласындағы ұлттық сыйлығының «Үздік хореограф» аталымы бойынша жеңімпазы Мукарам Авахри, ал, «Балеттің үздік орындаушысы» аталымы бойынша жеңімпазы Айнұр Әбілғазина.
Сонымен бірге, «Астана Балет» театры үш аталым бойынша Театр сыншылары бірлестігінің жыл сайынғы сыйлығына ие болды: «Жыл балеті» аталымы бойынша театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахридің «Жібек жолы» спектаклі; «Балеттің үздік әртісі» - «Орфей мен Эвридика» спектакліндегі Эвридика рөлі үшін театрдың жетекші солисті Татьяна Тен және театрымыздың баспасөз қызметі «БАҚ үздік жұмыс» аталымы бойынша марапатталды.
Сондай-ақ, дербес Тикен Сыйлығымен театрымыздың жетекші солисттері Дарина Қайрашева мен Сүндет Сұлтанов марапатталды.
Бұл – театрымыздың жылнамасындағы бір белес. Келесі жылы театр бірнеше премьера өткізуді жоспарлап отыр. Солардың кейбірін атап өтсек: Мукарам Авахридің «От қыз», Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиевтің «Nine» атты балеттері. Театрдың музыкалық репертуары да кеңейе түседі. Осы жетістіктердің басты әрі жалғыз мақсаты – театрды қалың көпшілік бас қосатын мәдениет ордасына айналдыру.